Туризм және спорт министрлігі «Ауыл спорты: бүгіні мен ертеңі» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өткізеді

None
АСТАНА. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қыркүйектің алдағы 15-16 күндері ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында белгіленген бұқаралық спортты дамыту басымдығын іске асыру мақсатында «Ауыл спорты: бүгіні мен ертеңі» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өткізеді.

Шараға облыстардағы туризм, дене тәрбиесі мен спорт басқарламаларының бұқаралық-спорт жұмысы бөлімдерінің басшылары, аудандық деңгейдегі дене шынықтыру мен спорт бөлімдерінің басшылары, спорт клубтары, қоғамдық ұйымдар сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы мен Білім және ғылым министрлігінің, ҚР Статистика агенттігінің өкілдері қатысады.

Семинар барысында «Ауылда бұқаралық спортты дамыту», «Нұсқаушы-әдіскерлер ауыл спортының негізгі құрылымы ретінде», «Ауыл спортының инфрақұрылымы. Жетістіктері, проблемалары және болашағы», «Ведомстволық статистикалық есепті жетілдірудің негізгі бағыттары» тақырыптары көтеріліп, баяндамалар тыңдалады.

Сонымен бірге, бұқаралық спортты дамыту, «Гимнастика барлығы үшін» жобалары мен «Алдаспан» сауықтыру әдістемелігінің таныстырылымдары өткізіліп, «Қазақстандық спорттың тарихы мен жетістіктері» атты жылжымалы фотокөрме ұйымдастырылады.