Түркия Қара теңіздегі газ кен орындарын игеру үшін 10 млрд доллар бөледі

None
АНКАРА. ҚазАқпарат - Түркия билігі Қара теңіздегі газ кен орындарын игеру үшін 10 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция бөлуге ниетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.

Зонгулдак провинциясындағы табиғи газ өндірісі және «Сакарья» газ кен орны ресурстық секторды қолдауға арналған мемлекеттік жобаға енгізілді. Осы шешімге сәйкес, 2021 жылдың 1 қаңтарынан басталған инвестициялық қолдау тағы 11 жылға созылады. Ал бұл салаға салынған қаржы ресурстары салық пен кедендік жеңілдіктердің барлық түрлерін алады. Бұл инвестициялық бағдарламаның нәтижесінде түрік энергетикасы жылына шамамен 14 миллиард текше метр табиғи газ өндіре алады, бұл өз кезегінде ел азаматтары үшін 1000-нан астам жұмыс орнын ашады деп болжанып отыр.

Еске салайық, бұған дейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Қара теңізде табиғи газдың үлкен қоры табылғанын мәлімдеген болатын, ал билік 2023 жылға қарай оны ішкі нарыққа жеткізе бастайды деп күтуде.

Бұл ретте Түркия басшысы «Сакарья» кенішіндегі Дунай-1 учаскесіндегі барланған газ қорының көлемі шамамен 405 миллиард текше метрді құрайтынын мәлімдеді.