Түркиядағы туризм саласындағы жанжал: туристерге қауіп төнуі мүмкін бе
АСТАНА.KAZINFORM — Түркияның туризм индустриясының белгілі өкілдері қаржылық қылмыс, криптовалюта арқылы қаражатты жылыстату және салықтан жалтару ісі бойынша тергеуге алынды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Ұсталғандардың қатарында Anex Tour компаниясының иесі Нешет Кочкар, оның әпкесі және компанияның бірнеше топ-менеджері бар. Сондай-ақ Armas Hotels қонақүй желісінің иесі, «қонақүйлер патшасы» атанған Халил Доған мен Prince Holding басшысы Исмаил Лепиев те қамауға алынған. Барлығы алты адам тергеу аясында жауап беріп жатыр.
Түркияның қаржы мониторингі агенттігі MASAK күдікті компаниялардың шоттарын, соның ішінде криптоактивтерін бұғаттауы мүмкін. Мұндай жағдайда төлемдер тізбегі трансферлерден бастап қонақүйлермен есеп айырысуға дейін уақытша тоқтап қалуы ықтимал. Бұл өз кезегінде туристердің ваучерлері жарамсыз болып, демалыстары қиындыққа айналу қаупін тудырады.
Соған қарамастан, нарықта дүрбелең байқалмайды. Бүгін түске дейін Анталия бағытындағы броньдау көлемі небәрі 1–2 пайызға қысқарған. Туроператорлар әлі де Мысыр, БАӘ, Таиланд, Вьетнам, Гоа және Шри-Ланка бағыттарына тур сатуды жалғастырып жатыр.
Сарапшылардың бағалауынша, бағада аздап өсім және қысқа мерзімді кідіріс болуы мүмкін, бірақ нарық бірнеше апта ішінде қайта қалпына келеді. Тіпті жағымсыз сценарийдің өзінде туризм саласындағы төмендеу 5 пайыздан аспайды деп күтілуде.
Бұған дейін хабарланғандай, Түркия туризм мен транзит саласында оң экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізіп, медициналық туризм бағытында да өз позициясын нығайтып келеді.