Түркия жылдағы дәстүрмен Ататүрікті еске алды

Фото: Anadolu ajansı

АСТАНА.KAZINFORM - Жыл сайын 10 қараша күні таңертең сағат 9:05-те бүкіл Түркия Ататүрікті үнсіздікпен еске алады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Дәл осы күні, дәл осы сәтте - Түркия Республикасының негізін қалаушы және тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің қайтыс болған сағаты мен минутында - бүкіл ел бойынша дабыл қағылып, сирена ойнайды. Жүріп келе жатқан көліктер тоқтап, өтіп бара жатқандар тұра қалып, бастарын сәл иіп, бір сәтке үнсіз қалады. Осы сәтте Түркия алғыс ырғағымен соғатын біртұтас жүрекке айналады.

Жыл сайын қайталанатын көрініс өзінің тереңдігі мен шынайылығымен таң қалдырады: көпірлерде, алаңдарда және кеңселерде, әуежайларда, дүкендер мен базарларда - барлығы бір сәтке тыныштала қалады, Осман империясынан кейін елді зайырлы мемлекетке айналдырған тұлғаға құрмет көрсетеді.

Тыныштық бір минутқа ғана созылады, бірақ оның ішінде Түркияның бүкіл тарихы жатыр. Бұл жаңа өмірін, бостандығын және өзін-өзі құрметтеуді кімге қарыз екенін ұмытпаған ұлттың тарихы. Сиреналардан кейін әнұран шырқалады, өмір жалғасады – бұл үздіксіздіктің, адалдықтың және ризашылықтың символы.

Бұл рәсім жыл сайын ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ұлы реформатор идеяларының өміршеңдігін, елді әлі де болашаққа бағыттайтынын дәлелдейді.

Жыл сайын 10 қарашада Түркия Ататүрікті еске алу күнін – 1938 жылы қазіргі Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрік қайтыс болған күні атап өтеді.

Сонымен қатар, 19 мамырда ел маңызды ұлттық мереке – Ататүрік, Жастар және Спорт күнін атап өтеді. Мереке 106 жыл бұрын, 1919 жылы басталған Ұлт азаттық күресі мерейтойын еске алады.

Айта кетеік, жақында Түркия халқы Республика күнін атап өтті.