Түркістан облысында тұрмыстық қалдық тастайтын полигондардың 70 пайызы санитарлық талапқа сай келмейді
Түркістан облысында қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигондардың 70 пайызы санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында айтылды, деп хабарлайды Kazinform.
Түркістан облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Қанат Қалмаханның айтуынша, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарында 29 тексеру жүргізіліп, біршама заңбұзушылық анықталған. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған 41 тұлғаға 12 млн теңгеден астам айыппұл салынған.
Жалпы Түркістан облысында 159 қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон бар. Зерделеу жұмыстары барысында олардың 70 пайызы санитарлық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталған.
Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев полигондарды талаптарға сәйкес келтіру үшін іс-шара жоспары бекітілгенін жеткізді. 7 полигонның құжаттамасы құрылыс басқармасына ұсынылған. 20-ға жуық жобалық- сметалық құжаттама әзірленіп, 8-нен мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған.
Мәжілісте полигондарды ретке келтіру жөнінде ұсыныстар қаралды. Өңір басшысы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысына, аудан, қала әкімдеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қатаң түрде тиісті шараларды қабылдауды тапсырды.
«Кемшіліктерді шұғыл түрде жоюды тапсырамын. Бірінші кезекте аудан, қала аумақтарындағы қолданыстағы полигондар санитарлық талаптарға сәйкестендірілсін. Тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон аумағын қоршау, жол төсеу, көліктердің дөңгелектерін заласыздандыруға арналған дезинфекциялаушы бетон ваннасы мен арнайы ерітіндісімен қамту, қалдықтардың көлемін өлшейтін таразы қою жұмыстары атқарылуы тиіс. Жергілікті әкімдер құқық қорғау органдарымен бірлесіп, қоқысты бейберекет тастайтын тұрғындармен, кәсіпорындармен тиісті жұмыс жүргізіңіздер», – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.