Үкімет 2016-2017 жылдары мұнайдың баррелі 40 доллар болады деп болжайды - ҰЭМ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016-2020 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, 2016-2017 жылдары брент маркалы мұнайдың баррелі 40 АҚШ долларына болжанып отыр. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Ұлттық экономика вице-министрі Марат Құсайынов мәлімдеді.

ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Марат Құсайынов баяндама барысында қазіргі таңда әлемдік нарықта мұнай мен металдың бағасы төмендеу деңгейін сақтап отырғанын атап өтеді. Оның айтуынша, брент маркалы мұнайдың баррелінің бағасы ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап тамыз айы аралығында 43 АҚШ долларына дейін төмендесе, металл бағасы 11,1 пайызға дейін құлдыраған.

«Базалық сценарийде мұнайдың бағасы бағалау бойынша 2016-2017 жылдары барреліне 40 доллар, 2018-2020 жылдары 50 доллар шамасында болады. Дегенмен, Дүниежүзілік банктің есептеуі бойынша Иран мұнайының нарыққа оралуы келер жылы мұнайдың әлемдік бағасының бір барреліне 10 АҚШ долларына дейін төмендеуін тудыруы мүмкін», - дейді М. Құсайынов.