Үкімет блогына күніне 6-7 мыңға тарта сауалдар келіп түседі - Қ. Есекеев
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуанышбек Есекеев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Cөз арасында Агенттік төрағасы Қ. Есекеев соңғы жылдары мемлекеттік басқару қызметіне қатысты интернеттік байланыстардың қарқынды дамып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік басқару бойынша Үкіметтің, министрлер мен басшылар деңгейіндегі блог-платформаларда интернеттік байланыс алаңдары қызу дамып жатыр. «Жалпы, Үкіметтің блогына күніне 6-7 мыңға тарта өтініштер, үндеулер мен сауалдар қабылданады. Сауалдардың өңдеуден кейінгі өндіріске алынатыны шамамен 400-ге жуық болып отыр. Регламент бойынша бұл сауалдар, өтініштер тиісті салалар бойынша мемлекеттік органдар басшыларына жолданады. Былтырдан бері елімізде 23-ке тарта интернет-форумдар ұйымдастырылды және бұл жақсы дәстүрге айналып отыр», деді Қ. Есекеев. Оның айтуынша, интернет арқылы өткізілген ең ауқымды форум еліміздің үлескерлер мәселесіне арналған.