Үкімет экологиялық проблемаларды жүйелі шешуді көздейтін бағдарламаны бекітті

None
СТАНА. Қыркүйектің 3-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Осы аптада Үкімет 2010-2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» салалық бағдарламасын мақұлдады. Табиғат ананың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын бұндай кешенді құжаттың дайындалып, үкіметтік деңгейде мақұлданғанын эколог мамандар, жалпы қалың жұртшылық құптап отыр. Бұлай болатын жөні де бар. Себебі, аумағы жағынан

әлемді тоғызыншы орын алатын Қазақстан, өкінішке қарай экологиялық тазалық жағынан жақсы көрсеткіштермен мақтана алмайды. Қазіргі таңда еліміздің экологиялық проблемалардың ушығып тұрған өңірлер жетіп артылады. Ал бұндай толайым проблемаларды жүйелі түрде шешпесе, оның соңы үлкен апаттарға алып келуі ықтимал екендігін жарғақ құлағы жастыққа тимей айтып жүрген азаматтар баршылық. Жалпы республикамызда экологиялық проблемалардың аз еместігін Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімовтің өзі де мойындап отыр. «Қазіргі таңда Қазақстандағы экологиялық жағдай тұрақты. Эмиссияларды төмендету, тиімді экологиялық таза технологияларға көшу үшін алғышарттар жасалған. Алайда, шешімін таппай отырған мәселелер бар. Мәселен, 2010 жылғы қаңтардағы мәліметтер бойынша, Қазақстан аумағында 43 млрд. тоннадан астам қалдықтар орналастырылған. Олардың шамамен 600 млн. тоннасы улы қалдықтар. Аталған көлем жыл сайын шамамен 700 млн. тоннаға ұлғаюда», деді министр бейсенбідегі Үкімет отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, еліміздің аумағында біршама төзімді органикалық ластаушылардың, хром мен қорғасын, мыс сияқты ауыр металдардың айтарлықтай көлемдері жинақталған. Еліміздің 1 тұрғынына орта есеппен 1,5 мың тонна өнеркәсіп және тұрмыс қалдығы тиесілі екен. Бұл көрсеткіш Еуропа мемлекеттерінің жинақталған қалдықтарының деңгейінен әлдеқайда артық. Сонымен қатар, министр келтірген мәліметтерге сүйенсек, 2009 жылы еліміздің су айдындарына көлемі шамамен 3 млн. тоннаны құрайтын лас немесе жеткілікті тазартылмаған сарқынды сулар тасталынған. Ауызсуға қол жетімділік проблемасы өзекті мәселелердің қатарында. 43 ірі кәсіпорын қалалар атмосферасына 2 млн. тоннаға жуық өнеркәсіп шығарындыларын тастайды екен. Ол бүкіл республикадағы шығарындылардың 85 пайызын құрайды. Осы шығарындыларға Алматы және Шымкент қалаларындағы 70-80 пайызға жететін автокөліктер әсері қосылады. Бұған басқаларын айтпағанда, бұрынғы Семей сынақ алаңының төңірегіндегі, Каспий теңізіндегі және Арал маңы аумағындағы экологиялық проблемаларды қоссаңыз, Қазақстандағы экологиялық проблеманың қаншалықты ушығып тұрғанын аңғару қиын емес. Мәселен, экологиялық апат аймағына жатқызылған бір ғана Арал маңы аумағының экологиялық жағдайы әлі де болса халық денсаулығына қауіп төндіріп отыр. Бұндағы экологиялық жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Көрсетілген проблемалар тікелей экологиялық жүйелерге ғана емес, халық денсаулығына да қауіп төндіруде. Әсіресе, олар тыныс органдары, онкология, жүрек-тамыр жүйесі, тері, жүйке ауруларымен науқастану және өлу деңгейі жоғары республиканың ірі қалаларында және өнеркәсіптік орталықтарда шоғырланған. Сонымен қатар, Н. Әшімов Қазақстан аумағының үлкендігінен ластану аумағы аз болып көрінуі мүмкіндігін айта келе: «Бірақ, шөлейттенген және тозған жерлердің аудандары ел аумағының 70 пайызын құрайды. Мысалы, 182 млн. гектар жайылымдардың 26 млн. гектары тозудың шекті дәрежесіне жеткен», деді.

Қарап отырсақ, айтар ауызға оңай болғанымен, жаныңды түршіктіретін бұндай мәліметтерден кейін Қазақстанға экологияны сауықтыратын кешенді бағдарламаның қаншалықты ауадай қажеттігін ұғынасыз. Бағдарламадағы жұмыс жасыл экономиканы дамыту, қоршаған орта мен денсаулық компоненттеріне антропогендік әсерді төмендету, табиғи экожүйелерді сақтау және қалпына келтіру, сондай-ақ қоршаған ортаның сапасын басқару жүйесін дамыту және жетілдіру сынды төрт бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бағдарламаны жүзеге асыруға жалпы алғанда 350 млрд. теңге бағыттау көзделіп отыр. Оны іске асыру нәтижесінде нақты мынадай көрсеткіштерге қол жеткізу жоспарлануда. Айталық, зиянды заттардың атмосфераға шығарындылары 2009 жылмен салыстырғанда 2014 жылға кемінде 5,9 пайызға төмендейді, ал табиғат ананы ластағыш заттар төгінділерінің деңгейі 2009 жылмен салыстырғанда 2014 жылға кемінде 3,5 пайызға азаяды. 2014 жылы қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 22 пайызға жететін болады. Парниктік газдардың жылдық шығарымдылары көлемінің төмендеуі 2014 жылы 1992 жылға қарағанда 1 пайызға жететін болады, ал киіктер саны 10 пайызға өспек. Орман отырғызу көлемінің жыл сайынғы ұлғаюы 2014 жылға 65 мың гектарды құрайтын болады.

Егер де Үкімет мақұлдаған бұл құжат тиісті деңгейде іске асырылатын болса, бас-аяғы төрт-бес жылдың ішінде табиғат ананың бойындағы тән жарасы мен жан жарасын сауықтыруда біршама жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болатынын көріп отырмыз. Ең бастысы - бағдарламаның бағын ашуға үкіметтік деңгейден мүдделілік танытылып отыр.

Білім беруді дамытуға басымдық беріліп отыр

Сонымен қатар, Үкімет осы аптада Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын мақұлдады. Бағдарламаның негізгі стратегиялық мақсаты - азаматтардың материалдық және рухани әл-ауқатын жақсарту, экономиканың тұрақты дамуы үшін баршаға арналған сапалы білімнің қол жетімділігін қамтамасыз ету арқылы білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, адами капиталды дамыту. Оны 9 бағытта іске асыру көзделген. Бұл ретте білім беруді қаржыландыру тетігін жетілдіру, білім менеджментін жақсарту, мұғалімнің мәртебесін көтеру, электрондық оқыту жүйесін енгізу, мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен толықтай қамту, орта техникалық және кәсіби білімді одан әр дамыту, сондай-ақ білім беруді басқаруды жақсарту көзделуде. Қысқаша айтқанда, бұл құжат көп айтылып, көп жазылып жүрген білім беру жүйесінде әлі де шешілмеген қыруар проблемаларды еңсеруді көздейді.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбековтың айтуынша, бағдарламаны әзірлеу барысында 288 ұсыныс пен ескертулер келіп түсіп, оның 104 аталған құжатқа енгізілген. Бағдарлама екі кезеңде жүзеге асырылатын болады. Бірінші кезең 2011-2015 жылдарды, екінші кезең 2016-2020 жылдарды қамтиды. Бағдарламаны жүзеге асыруға алғашқы үш жылда, яғни 2011-2013 жылдары 151 млрд. теңгеден астам қаржы бағыттау көзделіп отыр.

Келешектегі макроэкономикалық көрсеткіштеріміз көңіл қуантады

Сондай-ақ Үкімет осы аптада 2011-2015 жылдарға арналған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын бекітті. Үкімет болжап отырған макроэкономикалық көрсеткіштер жалпы алғанда көңілді қуантады. Болжамдарға көз тіге отырып, әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыстың күрделі сынына лайықты төтеп берген Қазақстан келешекте де білгенінен жаңылмай, қарқынды дамуын жалғастыруға пейілді екенін аңғарамыз. Мәселен, Экономикалық даму және сауда министрлігінің мәліметінше, еліміздің нақты жалпы ішкі өнімінің өсу қарқыны 2015 жылға дейінгі кезеңде орташа есеппен 4,1 пайызға жетеді деп болжануда. «Еліміздің нақты жалпы ішкі өнімінің өсу қарқыны 2011 жылы 3,1 пайызды, 2012 жылы 3,3 пайызды, 2013 жылы 3,5 пайызды құрап, 2015 жылға дейінгі кезеңде орташа есеппен 4,1 пайызға жетеді деп болжануда», деді сейсенбідегі Үкімет отырысында Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова.

Оның сөзіне қарағанда, макроэкономикалық көрсеткіштерді болжау жұмысы әлемдік экономиканың даму тенденцияларының, әлемдік тауар нарығындағы соңғы көрсеткіштердің, сонымен қатар Қазақстан экономикасының әртүрлі салаларының үстіміздегі жылдың барысындағы даму тенденцияларының негізінде жасалған. Еліміздің алдағы бес жылдағы әлеуметтік-экономикалық болжамы мұнайдың әлемдік бағасы консервативтік деңгейде анықталып, 2011-2015 жылдары орта есеппен бір баррелліне 65 АҚШ долларын құрайды деп дайындалған. Әлемдік тұтынудың өсіп, қалпына келуіне тиісті металлдарға әлемдік баға болжамды кезеңде орта есеппен 10-15 пайызға жоғарылайды. Ал Ұлттық банктің 2011-2015 жылдарға арналған болжамы бойынша инфляция 6-8 пайыздың арасында белгіленіп отыр. Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты шеңберінде іске асыратын шаралары жалпы экономиканың өсуіне, депозит нарығын дамытуға, сондай-ақ банк секторының кредиттік белсенділігін қалпына келтіруге бағытталған. Үкіметтің болжамынша, жалпы еліміздің экономика саласының даму көрсеткіштері әлеуметті саладағы көрсеткіштерге тікелей ықпал ететін болады. Нәтижесінде, жұмыссыздардың саны Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, 2011 жылы 6,4 пайыздан 2015 жылы 5,5 төмендейді деп болжанып отыр.

Болжамнан байқағанымыздай, биыл қолға алынған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама да ел экономикасының өсім қарқынын дамытып, ел ырысын еселей түспек. Мәселен, индустриялық-инновациялық бағдарламаның шеңберінде индустриялық жобалардың іске асырылуы және Қазақстанның экспорттық өнімдеріне сыртқы сұраныстың көбеюі еліміздің өнеркәсіп саласының даму деңгейінің 2011 жылы 3,6 пайызға, 2012-2013 жылдары 3,9 пайызға өсуіне ықпал ететін болады. Атап айтқанда, өнеркәсіпті өңдеу саласының өсу қарқыны 2011 жылы 3,4 пайыздан 2015 жылға қарай 7 пайыздың шамасына өсуі азық-түлік өнімдерінің, химиялық өнеркәсіп өнімдерінің, сондай-ақ металургия өнімдерінің өндірілуінің өсуі есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл салаларда өндірілген тауарлардың өсуіне Кедендік одақтың шеңберінде ішкі нарықтың кеңеюі де ықпал етеді. Ал ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнімі көлемінің өсу деңгейі 2011-2015 жылдары орташа деңгейде 4,3 пайызды құрап, 2015 жылға қарай 4,8 пайызға жетеді. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласының дамуы транспорт пен сауда салаларының өсуін қамтамасыз етеді. Осылайша, көлік қызметі саласының өсуі 2011 жылы 3 пайыз, 2012 жылы - 2,2 пайыз, ал болжамдалған мерзімде орташа 3,7 пайыз деңгейінде болжамданып отыр. Сауда жұмыстарының көлемі 2011 жылы 4 пайыз, 2012 жылы - 4,1 пайыз, ал болжамдалған мерзімде орташа 5,4 пайыз деңгейінде болжамданып отыр.

Сондай-ақ сейсенбідегі Үкімет отырысында «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2011-2013 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заңның жобасы, «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері арасындағы 2011-2013 жылдарға арналған жалпы трансферттердің көлемі туралы» Заңның жобасы, 2011-2013 жылдардың республикалық бюджеттің жобасы мақұлданды.