Ұлттық Банк тәуекелді саясатты жүргізетін банктерді бақылауды күшейтеді
Қазақстан халқына жолдауы шеңберінде Мемлекет басшысының банк секторын қалыпқа келтіру бойынша шаралар кешенін әзірлеуді, формальданған тәсілден тәуекелге бағдарланған қадағалауға өтуді қамтамасыз етуді тапсырғанын еске салды. Оның айтуы бойынша Ұлттық Банк банк секторын қалыпқа келтіру бойынша шаралар кешенін әзірлеуге кірісті, оның шеңберінде реттеушілік және қадағалау процесінің халықаралық қағидаттары іске асырылатын болады.
«Атап айтқанда, Ұлттық Банк проблемалардың туындауын және тәуекелдің іске асырылуын күтпестен, дағдарысты құбылыстардың алдын алу бойынша жұмысты күшейтуді жоспарлап отыр. Қазіргі кезде Ұлттық Банк Еуропалық Одақта қабылданған әдіснаманың негізінде тәуекелге бағдарланған қадағалауды енгізу тәсілдерін мақұлдады. Бұл тәсілдер бизнес модельдің жұмыс істеу қабілетін бағалау әдіснамасын және оған тән тәуекелдерді айқындауды, банктердің тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерін, сондай-ақ капитал мен өтімділіктің жеткіліктілігін айқындаудың ішкі жүйелерін қамтитын жаңа қадағалау моделін әзірлеуді көздейді», - деп нақтылады О. Смоляков. «Тәуекелге бағдарланған қадағалау ден қою қадағалау шаралары жүйесінің толық өзгеруін, атап айтқанда, қолданыстағы шектеулі ықпал ету шараларын және ертерек ден қою шараларын, санкциялар мен мәжбүрлеу шараларын қолдану негіздерін түбегейлі өзгертуді көздейді», - деп түсіндірді ол. О. Смоляков атап өткендей, бұл қадағалау моделі банктердің әртүрлі тәуекелдерге ұшырағыштық деңгейін оларды басқару жүйелерін жетілдіру арқылы кезең-кезеңімен төмендетуге мүмкіндік береді.
«2017 жылы Ұлттық Банк банктің капиталын тиісті түзетумен (реттеушілік меншікті капиталды реттеушілік провизиялар мен ХҚЕС бойынша провизиялардың арасындағы айырмасына азайту) провизияларды бағалаудың бірыңғай әдістемесін енгізуді жоспарлап отыр. Бұдан басқа, банктердің байланысты тұлғалармен жасалған мәмілелерді және жеңілдік берілген талаптармен жасалған мәмілелерді бағалау тәсілдері күшейтілетін болады. Сондай-ақ, аудиторлар мен бағалаушылардың банктің қаржылық жағдайының нашарлағаны туралы ақпаратты жасырғаны үшін жауапкершілігін күшейту, тіпті қаржы нарығында қызметін жүзеге асыруға тыйым салуға дейін күшейту мәселелері қаралады. Сонымен қатар, Ұлттық Банктің мандаты банк капиталының құрылымын мәжбүрлеп қайта құрылымдау және банктерді біріктіру процесін жеңілдету бөлігінде заңнамалық деңгейде күшейтіледі», - деп сөзін қорытындылады ҚР Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары.