«Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру мен өткізу ерекшеліктері» тақырыбында облыстық семинар өткізілді

None
ҚЫЗЫЛОРДА. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінің студенттер сарайында «Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру мен өткізу ерекшеліктері» тақырыбында облыстық семинар өткізілді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Онда облыстық білім басқармасының бастығы Жаңыл Жонтаева биылғы оқу жылындағы ҰБТ дайындық барысы жайлы әңгімеледі. Биыл облыс бойынша 6618, Байқоңыр қаласында 330 оқушы мектеп бітіреді. Аймақ бойынша 6303 мектеп түлегі ҰБТ-ға қатысады деп күтілуде. Бұл барлық түлектердің 95,2 пайызын құрайды. Ал Байқоңыр қаласындағы қазақ мектебін бітіруші 330 баланың 314-і, орыс мектептерінің 15 түлегі тестілеуге қатысуға тілек білдірген. Сонымен биылғы мектеп бітірушілердің 6707-сі ҰБТ-ға қатысады деп күтілуде. Оған дайындық жұмыстары барлық білім ұйымдарында жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. 11 сынып оқушыларынан, «Алтын белгіге», үздік аттестатқа үміткерлерден сынама тест алынуда. Өткен жылдың қыркүйек айында алынған сынама тестілеудің орташа балы 57,5 болса, үстіміздегі жылғы қаңтар айындағы көрсеткіш 71,52 балды көрсетті. Бұл тестілеуге дайындық әлі де жан-жақты жүргізілуі қажеттігін байқатады.