Ұлттық қор әрқашанда кездейсоқ жағдайлар үшін сақталуы тиіс - Н. Назарбаев

None
АСТАНА. 16 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ұлттық қор қаражаты қашанда кездейсоқ жағдайлар үшін сақталуы тиіс. Бүгін Астанада «Нұр Отан» ХДП республикалық сайлауалды штабында болып, онда селекторлық кеңес өткізгеннен соң партия Төрағасы, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.

«Сайлау барысында әдетте көңілі толмайтын адамдардың мәселелері де бірге көтеріліп шығады. Рас, ондай адамдар баршылық. Біз 100 пайыз бәрін бақытта ете алмаймыз, ондай тәжірибе әлемде де жоқ. Ал ондай көңілі толмайтындар әрбір елде де бар. Ең бастысы қуатты мемлекет ондайлардың терең құлдырамаулары үшін желілер ашады, көмектеседі, жәмдемақы тағайындайды. Дегенмен жәрдемақыға қатысты да менің өзімнің жеке пікірім бар», - деген Елбасы бұл ретте қашанда мемлекеттік шығыстарға абай болу қажеттігін еске салды. Өркениетті елдерде орын алып жатқан проблемаларға да тоқталып, бірқатар мысалдар келтірді.

«Бүгін біздің оппозиция шығып «біз бірден зейнетақыны 5 есе, жалақыны 10 есе көтереміз» деп айтуы мүмкін. Ал қаражатты қайдан аламыз? Олар бұған біздің Ұлттық қордың қаражатын жұмсау керектігін айтуы мүмкін. Ал егер ертең дағдарыс қайта басталса, онда азаматтардың зейнетақысын, мұғалімдердің жалақысын немен төлейміз, армияны немен ұстап тұрамыз? Міне, мәселе қайда жатыр. Резерв - бүгін таратып, ертең құр қол отыру үшін емес, бұл кездейсоқ жағдайлар үшін», - деп түсіндірді Н. Назарбаев.