Ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері халықтар достығын тілге тиек етті ? Көкшетау
18:24, 30 Сәуір 2009
КӨКШЕТАУ. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Көкшетау қаласының әкімі Бақыт Сапаров «Достар» мәдениет үйінде ұлттық мәдени орталықтар өкілдерімен «дөңгелек үстел» басындағы кездесу өткізіп, халықтар достығы, облыс орталығының болашағы, әлеуметтік мәселелерді өз деңгейінде жүзеге асыру жайында пікір алмасты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Басқосуда қала басшысы бүгінгі әлеуметтік-экономикалық жетістіктер, Елбасының «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты Жолдауындағы айқындалған міндеттерді жүзеге асыру, әлеуметтік түйткілдерді шешу, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй бағдарламасын жалғастыру сынды өзекті жайттарға ерекше тоқталды. Өз кезектерінде 11 ұлттық мәдени орталықтың жетекшілері мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері көтерілген мәселелер турасында ойларын ортаға салды. Қала әкімі қойылған сауалдарға жауап бере отырып, алдағы уақытта мұндай кездесу дәстүрге айналатынын жеткізді. Кеңеске қатысушылар «Қазақстан халқы бірлігі күні» мерекесін ұйымшылдықпен атап өтуге уағдаласты.