Ұялы байланыс операторлары қызмет тарифтерін төмендеткені туралы мәлім етті

None
АСТАНА. Тамыздың 8-і. ҚазАқпарат. Бұл мәлімдеме Операторлар кеңесінің кезекті жиынында айтылды. Байланыс және ақпарат министрлігінің тарифтерді төмендету туралы ұсынысы ұялы байланыс нарығының барлық қатысушыларының қолдауын тапты,

деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Кездесу барысында белгілі болғандай «GSM Қазақстан «Қазақтелеком» ААҚ» компаниясы ең қымбат минуттың құнын 29-дан бастап 19 теңгеге дейін түсіруді жоспарлауда. Минуттың орташа құны 9 теңгені құрайды. «Картел» ЖШС берілген ұсынысты қолдап, тарифтерінің ұқсас төмендеуін мәлімдеді. «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС-ның ішкі желідегі тарифтері де минутына 19 теңгеден аспайтын болады.

ҚР Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев «операторлардың қызметтерге деген тарифтерді төмендетуі тұтынушылар тарапынан сөзсіз бағаланады», деп атап өтті. Сонымен бірге, Байланыс министрлігінің басшысы - Министрлік бұдан әрі де осы бағытта тиісті жұмыстар атқаратындығын айтты. Операторлар да үнемі осы сұраққа мән беріп отыруы тиіс және уақыт ағымы мен тұтынушылардың қажеттілігін ескере отырып, өзінің тарифтік саясатын реттеуі тиіс.

«Интерконнекттің»тарифтерін төмендету мәселесі де зейінсіз қалмады. «GSM Қазақстан «Қазақтелеком» ААҚ» компаниясының Бас атқарушы директоры Вейсел Арал, компания жалпы желіаралық бірігулерге деген ставканы 20% төмендетуге дайын деді. «Картел» ЖШС-ның Бас директоры Анатолий Попов болса, ұсынысты қолдай отыра, бірден төмендету болмау керек, әйтпесе компания экономикасына нұқсан келетінін айтты. Ал, «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС-ның Бас директоры Андрей Смелков «интерконнект» ставкаларының әлдеқайда төмендейтіні туралы ойын білдірді. «Біз Министрліктің ұсынысын қолдаймыз және интерконнект тарифтерін дауыстық трафикті өткізуі үшін минутына 19,98 теңгеден 5,04 теңгеге дейін төмендетуді ұсынамы» деді.

Интерконнектке деген салым мемлекетпен реттелмейтіндіктен, Министр кездесуге қатысушылардан желіаралық байланысулар тарифін 20 пайызға төмендетуді қарастыруды және бір келісімге келуді, сондай-ақ, одан әрі төмендету сұрақтарын қарастыруды ұсынды.

АНЫҚТАМАЛЫҚ:

Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат министрлігі осы жылдың наурыз - сәуір айларында ұялы байланыстың құнына байланысты жағдайды талдап өтті. Өткізілген талдау, басқа елдермен салыстырғанда, тарифтердің жоғарғы деңгейін көрсетті. «GSM Қазақстан «Қазақтелеком» ААҚ» компаниясының ішкі желілерінде телефон шалуға деген орташа тариф минутына 21 теңгені құрады. Бұл «Картел» ЖШС-да тарифтеріне тең келеді. Ол Ресей ұялы байланыс операторларының ішкі желідегі тарифтен екі есе артық болып келеді.

Министрлік ұялы байланыс операторларына өзінің тарифтік саясатын қайта қарастыру мен қызмет құнын төмендету жөнінде ұсыныс жасады.

Операторлар кеңесінің отырысы барысында, ұялы байланыс операторларының желілері арқылы өтетін телефон трафигінің тарифтерін қайта қарастыру туралы шешім қабылданды. Операторлардың пікірінше, «интерконнекттің» жоғарғы ставкалары, тарифтердің қымбаттауының бірден-бір себебі болып келеді.

Мобилдік операторлардың арасындағы интерконнектінің бағасы бүгін Қазақстанда 19,98теңге құрайды (ол Ресей тарифтерінен 4,5 есеге артық (4-5 теңге), Түркиядан 2,7 есе артық (7,4 теңге), ЕҚ елдерінен 1,5 -2,5 есе артық (9-16,7 теңге).

«Интерконнект»-желіге басқа ұялы оператордың қосылуына төленетін ақы. Қазақстанның Байланыс операторларының кеңесі - Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат министрлігінің жанындағы кеңесші орган. Оған телекоммуникациялық қызмет көрсететін барлық компаниялардың жетекшілері кіреді. Кездесу ай сайын өткізіліп, онда өзекті мәселелер қаралады.