«Валют-Транзит Банк» бұрынғы президентінің ағасы ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін сотталды

None
ҚАРАҒАНДЫ. Қыркүйектің 9-ы. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағанды қаласындағы Қазыбек би аудандық сотында «Камилла-Р» ЖШС директоры Ж.Біләловке қатысты сот үкімі шығарылды, ол ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Қарағанды облыстық сотының ресми сайтында жарияланған ақпаратта айтылған.

Сотталушы «Валют-Транзит Банк» АҚ-ның бұрынғы президенті Айтбақы Біләловтің ағасы болып табылады, деп нақтыланған аудандық соттың ақпаратында.

«Ж.Біләлов өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, жалған құжат арқылы Қарағанды облысының әділет департаментінен «Камилла-Р» ЖШС-ға тиесілі «Валют-Транзит Банк» АҚ-ның кепілдіктегі мүлігін, атап айтқанда салынып бітпеген тоғыз қабатты тұрғын үйді кепілдіктен босатқан. Осылайша, «Валют-Транзит Банк» АҚ-нан алынған 192 742 970 теңге көлеміндегі несие жабылмай қалған», - делінген ресми сайтта жарияланған ақпаратта.

Жасалған алаяқтықтың қоғамға қаншалықты қауіпті екенін ескере отырып, сот Ж.Біләловті 5 жыл бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады, деп нақтыланған ақпаратта. Алайда соттың шешімі әлі заңдық күшіне енген жоқ.