Ванкувер олимпиадасындағы нәтижелеріміз Азиадада бірінші болуға мүмкіндік бере ме?

None
А. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Канаданың Ванкувер қаласында аяқталған XXI қысқы олимпиада ойындарының нәтижелері Қазақстан спортының басы-қасында жүрген шенеуніктерді және спортқа жаны ашитын азаматтарды біраз ойландырып тастады. Неге дейсіздер ғой? 2011 жылы Алматы мен Астанада VII қысқы Азия ойындары өтетіні белгілі.

Онда Қазақстан құрамасы бейресми жалпыкомандалық есепте бірінші орын алуды жоспарлап отыр. Бұл межеден көріну үшін біздің команда кем дегенде 20 алтын медаль жеңіп алуы тиіс. Бұл асқақ міндет жайлы биік мінберлерден талай мәрте айтылды. Алайда Қазақстан құрамасының Ванкувер олимпиадасындағы нәтижесінен қорытынды шығаратын болсақ, жоғарыдағы міндеттің орындалуы тым қиынға соғатын тәрізді. Бұлай деуімізге төмендегі фактілер негіз болады. Ванкуверде Қазақстан құрамасы бейресми жалпыкомандалық есепте 25-ші орын алды. Еншімізде биатлоншы Елена Хрусталеваның ұтып алған 1 күміс медалі бар. 2002-ші жылғы Солт-Лейк-Сити және 2006 жылғы Турин олимпиадаларынан бірде-бір медальға қол жеткізе алмай, ұнжырғамыз түскендіктен бұның өзін үлкен жетістікке балап жатқан жайымыз бар. Алайда бұл жетістікке масаттанбай, келешекке сергек көзбен қараған жөн. Алдағы Азиадада Қазақстан құрамасының басты қарсыластары саналатын шығыстағы көршілеріміз Ванкуверде көп-көрім, көп-көрім дейміз-ау, теңдессіз нәтижелер көрсетті. Мәселен, Оңтүстік Корея құрамасы Ванкувер олимпиадасында бейресми жалпы командалық есепте 5-ші орын алды. Қоржындарында 6 алтын, 6 күміс және 2 қола медаль бар. Қытай құрамасы болса 5 алтын, 2 күміс және 4 қола медальмен 7-ші орынға табан тіреді. Ал Жапония құрамасы 20-шы орыннан көрінді. 3 күміс, 2 қола медальмен. Осы олимпиадада аталмыш елдердің спортшылары қысқы спорттың кез-келген түрінен әлемдегі мықты спорттық державалармен терезесі тең өнер көрсете білетінін, шындап бәсекелесе алатынын дәлелдеді. Ванкувердегі нәтижелеріне қарай отырып, аталмыш мемлекеттерде бас-аяғы оншақты жылдың ішінде спорттың қаншалықты қарқынмен дамығанын, таланты әрі дарынды спортшыларды бабын тауып, бағын ашуда толассыз жұмыстар жасалғанын байқаймыз. Ал бізде бәрі керісінше болып жатқан тәрізді. Азиада қыр астында, ол жарыста Қазақстан құрамасы Корея, Қытай және Жапонияға қаншалықты қауқар көрсете алады деген мәселе Ванкуверден кейін өзекті болып тұр.

Неге дейсіз ғой? Талдап көрелік. Азиаданың бағдарламасы бойынша конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, шаңғымен жарыс, биатлон, шорт-трек, тау шаңғысы, шаңғымен тұғырдан секіру, фристайл, допты хоккей (бенди), қысқы спорттық бағдарлау сынды спорттың 11 түрінен медальдар жиынтығын сарапқа салу жоспарланып отыр. Допты хоккей және қысқы спорттық бағдарлау сынды спорт түрлерінен жарыстар оларға төрт елдің командалары қатысатыны туралы өтініш берген жағдайда ғана өткізіледі. Жоғарыдағы спорт түрлерінің барлығы (допты хоккей мен қысқы спорттық бағдарлауды қоспағанда) Ванкувер олимпиасының спорттық бағдарламасына енгізілді. Бұлардың біразында Азияның спортшылары атой салды.

Мысалы, Ванкувер олимпиасында біздің конькишілеріміз қарсыластарынан қара үзіп қалып жатқанда, кореялық, қытайлық және жапондық конькишілер жүлделі орындардың жалына жармасып, медальдарды берсе қолынан, бермесе жолынан тартып алып жатты. Ел намысы сынға түскен сәттерде жанкештілік танытты. Тіпті кореялық конькишілер бұған дейін қысқа және алыс қашықтықтарда ешкімде дес бермей келген голландиялық немесе америкалық спортшылардың өзін шаң қаптырып кетіп жатты. Шорт-трекші жерлесіміз Айдар Бекжанов 1000 метр қашықтыққа жарысудан небәрі 20-шы орынды қанағат тұтса, бұл қашықтықта кореялықтар атой салды. Ли Джун Су алтынды, ал Ли Хо Сук күмісті қанжығасына байлады. Сөйтіп аузын айға білеген еуропалық спортшылардың есін шығарды. Ерлер арасында 1000 метрге конькимен жүгіруден сынға түскен жерлестеріміз Денис Кузин 23-ші, ал Роман Креч 28-ші орын алса, бұл сында Корея намысын қорғаған Мо-Тае Бум Ванкувер олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. Ал 1000 метрге конькимен жүгіру жарысында жеңіс тұғырына түгелдей Азияның өкілдері көтерілді. Атап айтқанда, кореялық Мо Тае-Бум олимпиада чемпионы атанды, екінші және үшінші орынды жапондық спортшылар Нагашима Кеихиро мен Като Жожи бөлісті. Бұл бәсекеде ел намысын қорғаған Роман Креч небәрі 34-ші орынды қанағат тұтты. 5000 метрге конькимен жарыста жерлесіміз Дмитрий Бабенко 15-ші орынды місе тұтса, кореялық Ли Сенг-Хун күміс жүлдені иеленді.

Ал жапониялық конькиші қыздар Масако Хозуми, Нао Кодаира, Маки Табата командалық жарыста күміс жүлдені қанжығаларына байлады. Тағы бір жапониялық қыз Масако Исида әйелдер арасында шаңғымен 30 шақырымға жаппай жарыста 5-ші орын алды. Бұл сында қазақстандықтардың ішінде үздік атанған Оксана Яцкая 19-шы орынға табан тіреді. Ал Елена Коломина, Марина Матроссова, Светлана Малахова-Шишкиналар тіпті үздік отыздықтың қатарына кіре алмады. Құрамына Елена Коломина, Оксана Яцкая, Татьяна Рощина және Светлана Малахова-Шишкина кірген Қазақстан құрамасы шаңғышылардың 4х5 қашықтықтағы командалық жарысында 10-шы орынды қанағат тұтса, Жапония құрамасы біздің алдымызға түсіп, 7-ші орыннан көрінді. Мәнерлеп сырғанудан кореялық қыз Ким Ю На олимпиада чемпионы атанып, елінің мерейін тасытты, жапониялық Мао Асада күміс жүлдені қанжығасына байлады. Ал қытайлықтар жұптасып сырғанаудан алтынды да, күмісті елдеріне алып кетті. Спорттың осы түрінен жылдар бойы жүлделі орындардан көрініп келген ресейліктерді «борттың» сыртында қалдырды. Ванкуверде жұптасып сырғанаудан қазақстандықтардың исі де сезілмеді. Ерлер арасында мәнерлер сырғанаудан жекелей сында Жапонияның өкілі Дайсуке Такахаси қола жүлдені еншілесе, бұл сында ел намысын қорғаған Денис Тен 11-ші орын алды. Шорт тректен 3000 метрге командалық жарыста қытай құрамасы олимпиада чемпионы атанды. Ал биатлоннын 4х5 шақырымға эстафеталық жарыста Қазақстан құрамасы 14-ші орын алды, осы сында Қытай құрамасы біздің алдымызды орап, 9-шы орыннан көрінді. 90 және 120 метрлік тұғырдан шаңғымен секіру жарысында да қазақстандықтар жапондықтардан қалып қойды.

Бұл Ванкувер олимпиадасындағы Азия құрлығындағы біздің басты қарсыластарымыздың көрсеткен нәтижесінің бір парасы ғана. Бұның барлығын неге тізбелеп отырмыз. Азиада асығымыз алшысынан түсу үшін не істеу керек деген бір ғана мақсатпен. Рас, Ванкуверде биатлоннан және шаңғы спортынан қазақстандықтар тәп-тәуір нәтиже көрсетті. Биатлоншы Елена Хрусталева мен Алексей Полторанин өздері қатысқан жарыстарда азиялықтардан алдыларына ешкімді жіберген жоқ. Жалпы Ванкуверде Хрусталеваның күміс медалінен бөлек, биатлон мен шаңғы жарысынан үш рет бесінші орын алдық, спортшыларымыз бірнеше мәрте үздік ондықтың қатарына кірді. Бірақ өкінішіке қарай бұл Азиадада бізге қарсылас атанатын азиялық спортшылардың Ванкуверде табыстарымен салыстырғандағы азғантай ғана жетістіктеріміз. Демек, Қазақстан спортының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген азаматтар үшін еліміздегі қысқы спорттың түрлерін дамыту үшін қайтпек керек деген сұрақ төңірегінде он ойланып, жүз толғанатын нағыз мезгіл туған секілді. Егер Корея, Қытай, Жапония Азиадаға Ванкувердегідей мықты құрамымен келетін болса, онда біздің құрамаға жалпыкомандалық есепте бірінші орын алмақ түгілі, үздік үштіктің қатарына енудің өзі мұң болып қалады. Ал Азиада болса, қыр астында тұр. Демек, Қазақстанда тұңғыш рет өткізілетін жарыста намысты қолдан бермес үшін Ванкувердегі жетістіктерімізді және кемшіліктерімізді саралап, содан сабақ алуға бір жылдан аз ғана уақыт қалды.

Азиаданың тарихына үңілсек, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея елдері соңғы жылдары жалпы кәсіби спортты, оның ішінде қысқы спорт түрлерін дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Азияда ғана емес, әлемде бұл елдің спортшыларымен санасатын елдердің қатары көбейіп келе жатқанын Ванкувер олимпиадасы тағы бір дәлелдеп берді. Біздің команда осыған дейін Азиадаға төрт мәрте қатысып, соның біреуінде ғана бейресми жалпы командалық есепте екінші орын алған, енді бірінде үшінші, қалғандарында төртінші орынды місе тұтты. Ал, мейлі Қытай, мейлі Жапония, мейлі Корея болсын, Азиаданы өз елдерінде өткізген кездерінде жалпыкомандалық есепте ешкімге дес берген жоқ. Осыларды ескерсек, алдағы Азиадада бізге де бірінші орын алуға ұмтылу қажет. Бірақ қалай? Ванкувер олимпиадасынан кейін осы сұрақ өзекті бола түскендей?