Вашингтон маңында мыңдаған тұрғын жарықсыз қалды

Фото: pixabay.com
ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат – Вашингтон маңында электр желісіндегі апат салдарынан ондаған мың адам және жергілікті инфрақұрылым электр қуатынсыз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиғаға жерасты кабелінің қосылуындағы іркілістен трансформатордың істен шығуы себеп болды. Салдарынан Кристал-Сити, Пентагон-Сити, Аврора-Хайлендс және Арлингтон-Ридж аудандарының 10 мыңнан астам тұрғыны, соның ішінде Вирджиния штаты Арлингтон қаласындағы Окридж бастауыш мектебі электр қуатынсыз қалды.

Апат туралы алғашқы хабарлама 22 тамызда жергілікті уақыт бойынша сағат 11:00 шамасында түскен.

Америкалық «Dominion Energy» энергетикалық компаниясының бір қызметкерін күйік шалды. Қазіргі уақытта ол дәрігерлердің бақылауында.

Арлингтон округінің өрт сөндіру бөлімі электр қуатының кенеттен үзілуінен лифттерде тұрып қалған тұрғындар туралы көптеген қоңырауларға жауап берді.

Зардап шеккен аудандарда Nordstrom, Macy's, Fashion Center at Pentagon City ірі сауда орталықтары, Costco өзіне-өзі қызмет көрсету қоймалар желісі, Harris Teeter, Walgreens азық-түлік дүкендері, мейрамханалар мен дәмханалар жабылды. Рональд Рейган атындағы Вашингтон ұлттық әуежайы қолайсыздықты бастан өткерді. Арлингтон саябақтары департаменті Long Bridge сауықтыру орталығы мен Gunston қоғамдық орталығын жапты.

Электр желісіндегі апат салдары кешкі сағат 17:15-те ішінара жойылды, Dominion Energy компаниясының 10 250-ден астам абонентінде электрмен жабдықтау қалпына келтірілді, тағы 1229 клиентті электр қуатына қосу бойынша қалпына келтіру жұмыстары жалғасты.

Рүстем Қожыбаев