Венада Қазақстан мен Аустрияның мұнай және газ саласындағы ынтымақтастығының мүмкіндіктері талқыланды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Аустрияның мұнай және газ саласындағы ынтымақтастығының мүмкіндіктеріне арналған іс-шара өтіп, оған іскер және саяси топтарының 30-дан астам өкілдері қатысты, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Іс-шараның негізгі спикері ҚР энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанның мұнай және газ саласының дамуы және оған Еуразиялық экономикалық одақтың оң ықпал етуі, еліміздегі баламалы энергетика, мұнай химиясы және энергетикалық саясат салаларындағы жобалар туралы айтып берді. Вице-министр қазақстан-аустрия ынтымақтастығының, атап айтқанда бірлескен кәсіпорындарды құру мүмкіндіктерін баса айтып өтті.

М. Мырзағалиевтың сөзі іс-шара қатысушылары, әсіресе Қазақстанмен жұмыс істеуге мүдделі аустриялық компаниялар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Іс-шара қорытындысы бойынша, вице-министр М. Мырзағалиев жиырма шақты австриялық компаниялар өкілдерімен бейресми кездесу өткізіп, компаниялардың Казақстандағы жұмыс жоспарларын талқылады.

Сонымен бірге, іс-шара қатысушыларының алдында Аустрияның ЭЫДҰ және Женевадағы БҰҰ жанындағы бұрынғы Тұрақты өкілі Вольфганг Петрич және Аустрия-қазақстан қоғамының атқарушы президенті Габриель Лански сөз сөйледі. Аустрия Парламентінің депутаты Кристина Муттонен іс-шараның құрметті қонағы болды.

Жалпы іс-шара аустриялық компаниялардың Қазақстанға тұрақты қызығушылығын және Аустрия-қазақстан қоғамынының екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың дамуына үлес қосатын алаң ретінде маңыздылығының арта түсуін көрсетті.

Сонымен қатар,бұған дейін вице-министр М. Мырзағалиевтың аустриялық мұнай компаниясы ОMV басқарма мүшесі Яп Хайскес және Bertsch Group компаниясының басқарушы директоры Хуберт Хаклмен кездесулері өтіп, компаниялардың Қазақстандағы ағымдағы жұмыс мәселелері талқыланған болатын.