VII-ші Қысқы Азия ойындарының Бас демеушісі Азиадаға 3 млрд. теңге қаражат бөлді

None
АСТАНА. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат Қоры VII-ші Қысқы Азия ойындарының ресми Бас демеушісі болды. Демеушілік пакеттің жалпы сомасы 3 млрд. теңге. Бүгін «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры және VII-ші Қысқы Азия ойындары ұйымдастыру комитеті дирекциясы арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум аясында, бас демеушілік туралы барлық мәселелер түпкілікті шешімін тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қордың Басқарма мүшесі, басқарушы директор Қайрат Әйтекеновтің айтуынша, демеушілік жасай отырып, «Самұрық-Қазына» Қоры Азия ойындары арқылы қазақстандық компанияларды танытып, осы аймақта олардың жаңа әріптестіктер орнатуларына мүмкіндіктер ашуды көздейді.

«Бас демеушіліктің негізгі маңызы ақша бөлуде емес, мемлекеттік қордың жағымды бейнесін таныту. Мемлекеттік бағдарламалардың операторы болып табылатын Ұлттық әл-ауқат қоры бұл міндетті абыроймен атқарады. Ауқымды әрі маңызды шараға және елде бұқаралық спорттың дамуына серпін беру - біз үшін принципті іс болып табылады», деді Қ. Әйтекенов.

Демеушіліктен түскен қаражат ойынды өткізу, ұймдастыру және имидж қалыптастыру үшін жұмсалады. Азиаданың ұйымдастыру комитеті барлық спорттық нысандарға бірыңғай бақылау билеті жүйесін енгізуді жоспарлауда. Жоспарға сәйкес спорттық нысандарды инфрақұрылымдық жағынан жетілдіру, қосымша тестік жарыс өткізу, сонымен қатар ауқымды ақпараттық жұмыс жасау көзделуде. Сонымен қатар Азиада идеясы халықаралық деңгейде насихат таппақ.

Жалпы ұйымдастыру комитеті 6 дәреже бойынша 43 демеушілік пакет жасақтаған.