Волейбол: «Қуаныш» ел кубогында «Тұранға» кеткен есесін чемпионатта қайтарды

Фото: «Алматы» волейбол клубы

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты үшінші үлкен турының ойындары өтіп жатыр.

Бейсенбі күні орталық матч «Тұран» (Түркістан) мен «Қуаныш» (СҚО) командалары арасында болды.

Өткен жыл соңында Асқар Шалқыбеков жаттықтыратын түркістандықтар Қазақстан кубогының финалында «Қуанышты» 3:2 есебімен жеңген еді.

Бұл жолы Юрий Панченконың шәкірттері чемпионат аясындағы ойында қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмай, қарымта қайырды — 3:0 (25:22, 25:11, 25:11).

Солтүстікқазақстандықтар 54 ұпаймен турнир кестесінде бұрынғыша екінші орында келеді. 
Көш басындағы «Жетісу» (Талдықорған) «Ақтөбені» айқын басымдылықпен ұтты — 3:0 (25:10, 25:11, 25:14).

Үшінші сатыдағы «Берел» (Өскемен) клубы «Астанадан» айласын асырды — 3:0 (25:16, 25:23, 25:17).

Бесінші орындағы «Қарағанды» аса тартысты матчта «Алматыны» қапы қалдырды — 3:2 (18:25, 25:17, 25:22, 20:25, 15:9).

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан «Тұранның» алғаш рет Қазақстан кубогын жеңіп алғанын жазған едік.

Сондай-ақ «Қуаныш» клубы Өскеменде «Берелден» басым түсті