Волейбол: «Жетісу» клубы 21 кездесу бойы жеңілмей келеді

Фото: instagram.com

АСТАНА. KAZINFORM — Өскемен қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты үшінші үлкен турының ойындары аяқталды. 

Соңғы күні өткен жылғы ел чемпионы «Жетісу» (Талдықорған) мен қола жүлдегер «Қуаныш» (СҚО) клубтары шеберлік байқасты.

Бірінші партияда сербиялық маман Марко Гршич жаттықтыратын талдықорғандықтар 25:23 есебімен басым түсті. 

Екінші сетте Юрий Панченконың шәкірттері сетболды пайдалана алмады — 25:27. Дегенмен үшінші партияда солтүстікқазақстандықтар жинала білді — 25:22. Алайда келесі сетте талдықорғандықтар жеңістік бермеді — 25:17.

Қорытынды есеп — 3:1.

Осылайша, чемпионат барысында 21 кездесу бойы жеңілмей келе жатқан «Жетісу» ұпай санын 61-ге жеткізді. 

«Қуаныш» 54 ұпаймен екінші орында келеді.

Өскеменнің «Берелі» өз алаңындағы соңғы бәсекеде «Қарағандыны» 3:0 (25:11, 25:18, 25:12) есебімен ұтып, 46 ұпаймен үшінші сатыда қалды.

«Ақтөбеден» 3:0 (25:16, 25:21, 25:23) есебімен айласын асырған «Тұран» (Түркістан) 33 ұпаймен төртінші орынға тұрақтады.

Ең соңғы орында келе жатқан «Астана» сенсация жасап, «Алматы» клубын 3:2 (25:21, 23:25, 12:25, 25:18, 15:12) ұтып, алғашқы екі ұпайына қол жеткізді. 

Кездесулерден кейін әр командадан үшінші үлкен турдың үздік ойыншылары марапатталды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан «Қуаныштың» ел кубогында «Тұранға» кеткен есесін чемпионатта қайтарғанын жазған едік.