Ю.Тимошенконың күйеуі Чехиядан саяси баспана сұрады
Чехтың Pravo газетінің жазуынша, жергілікті билік оң шешім қабылдап, украин саясаткерінің ерінің сауалын қанағаттандыруы мүмкін.
Кейіннен бұл ақпаратты «Батькивщина» партиясының баспасөз қызметі қуаттады. «Александр Тимошенконың бұл қадамы Юлия Тимошенкоға туыстары мен жақындарын қудағалау арқылы қысым көрсетуге жауап болып табылады, «Батькивщина» партиясының көшбасшысын сот, түрме, тұтқындау арқылы тізе бүктіре алмаған режим Жоғарғы сот 15 жыл бұрын жапқан қылмыстық істі заңсыз қайта қарап, экс-премьердің туыстары мен жақындарын қуғындай бастады» - деп мәлімдеді БЮТ өкілдері.
Ю.Тимошенко 2009 жылғы РФ-мен газ келісімшартына қол қоюда өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін жеті жыл мерзімдік жазасын өтеуде, 30 желтоқсанда оны Киев уақытша оқшаулау абақтысынан Харьковтегі №54 Качанов түзету колониясына жазасын өтеуге аударды. 2012 жылғы 3 қаңтарда экс-премьердің қорғаушысы сот тәртібімен оның ауыстырылуына шағым жасайтынын айтты.
Еске сала кетейік, 2011 жылғы 11 қазанда Киевтің Печер аудандық соты Ю.Тимошенконы 7 жыл бас бостандығынан айыруға және тағы үш жылға белгілі бір мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салуға үкім шығарды. Сондай-ақ сот Ю.Тимошенконы «Нефтегаз Украины» ҰК-ға 200 млн. долларға жуық ақша төлеуге міндеттеді.