Зәмзәгүл Шәріпова Елбасын М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының жаңа қойлымдарын тамашалауға шақырды
Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Президенттік және Мемлекеттік стипендиялар иегерлерімен кездесуі барысында Қазақстанның халық әртісі Зәмзәгүл Шәріпова айтты.
"Тәуелсіздік жылдары жаңа 17 театр ашылды. Өткен жылы еліміздгі республикалық театрлар қойған 1 мың 500 спектакльге 300 мыңнан астам көрермен келді. Бұл - өте үлкен жетістік. 2011 жылы 50-ден астам жаңа қойылым сахнаға шығыпты. Олардың ішінде қазақстандық қана емес, әлемдік театрлардың небір ғажап қойылымдары бар", - деді З. Нүсіпбайқызы.
Театр және кино өнері майталманының айтуынша, Тәуелсіздіктің арқасында өнерге еркіндік берілді. Не жазамын, нені сахналаймын, қалай қоямын десең де - ерік бар. Мемлекет басшысы театрлардың дамуына қашанда үлкен қолдау көрсетіп келеді. Қызметкерлердің жалақысы 2 есе өсіріліп, қаламақы ұлғайтылуда. Былтыр 2 театрға академиялық мәртебе берілді, көптеген жастар шетелдерде білімдерін жетілдіруде.
"Ардақты Нұрсұлтан Әбішұлы, сіз барлық әртістер қауымы ерекше құрметпен "әкем театр" деп атайтын М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрын ерекше жақсы көретініңізді білеміз. Сізді театрымыздың жаңа қойылымдарын тамашалауға шақырамыз", - деді З.Шәріпова Елбасыға қаратып айтқан сөзінде.