Заң жобасында қылмыстық жауапкершілік басталатын жасты 14-тен 16-ға дейін ұлғайту көзделіп отыр

None
АСТАНА. Наурыздың 2-сі. ҚазАқпарат - Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті кейбір заңдарға баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге қатысты түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасын жан-жақты қарап шығып, бас комитет ретінде өз қорытындысын берді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарау барысында Мәжіліс депутаттары 100-ге жуық түзету берген, олардың бір бөлігі қабылданып, салыстырма кестеге енгізілген. Заң жобасы бірінші оқылымда талқыға салуға дайын.

Аталған заң жобасымен Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» және «Кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтар мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыр.

Түзетулер баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету және кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған. Атап айтқанда, заң жобасында ұрлық, тонау және бопсалаушылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік басталатын жасты 14-тен 16-ға дейін ұлғайту көзделген. Кәмелеттік жасқа толмаған баланы жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін жауаптылық көзделген бап енгізіледі, кәмелетке толмаған баланың эротикалық сипаттағы материалдарды сатуына тыйым салынады.