Заң жобасының мақсаты - ипотекалық кредиттер арқылы тұрғын үй сатып алатын азаматтардың әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету

None
АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат - Ипотекалық кредиттер арқылы тұрғын үй сатып алатын азаматтардың әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету қажет.

Осы мақсатта Үкімет «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ипотекалық кредит беру және қаржылық қызметтерді тұтынушылар мен инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеп, Мәжілістің қарауына берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сонымен қатар заң жобасы бағалы қағаздар нарығында қаржылық қызметтерді тұтынушылардың, инвесторлардың құқықтарын қорғаудың біртұтас жүйесін құру арқылы қаржылық қызметтер сапасын арттыру мақсатын көздейді.

Аталған заң жобасы ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусиннің 2009 жылғы мамырдың 29-ындағы тапсырмасына сәйкес, сондай-ақ 2008-2010 жылдарға арналған «Doing Business» рейтингіндегі Қазақстанның позициясын жоғарылату мақсатында әзірленген.

Заң жобасында Азаматтық кодексіне, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы», «Бағалау қызметі туралы», «Микрокердиттік ұйымдар туралы», «Кредиттік серіктестіктер туралы», «Акционерлік қоғамдар туралы», «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы», «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заңдарға түзетулер енгізу көзделген.

Заң жобасын іске асыру мемлекеттік бюджеттен шығындарды талап етпейді.