Заңсыз кәсіпкерлік қызметі үшін «бизнес-леди» жауапқа тартылды - Павлодар облысы

None
ПАВЛОДАР. Қыркүйектің 11-і ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Лицензиясыз дене шынықтыру-сауықтыру қызметін көрсетіп келген павлодарлық кәсіпкер әйел жауапқа тартылды, деп хабарлады Павлодар облысы бойынша қаржы полициясы департаментінің баспасөз қызметінен.

Қаржы полициясының қызметкерлері фитнес-клубтың әкімшісінен тексеру сатып алуын жүргізген - 5200 теңгеге бір ай бойына 12 рет жаттығу залына келуге құқық беретін абонемент картасын сатып алған. Оған қоса, мекемеде заңсыз табыс табу үшін «клуб картасы» және «бірреттік карта» сатылып келгені анықталған.

Сот-экономикалық сараптамасының қорытындысы бойынша, 2,5 жыл бойы заңсыз жүргізіліп келген қызметтен әлгі кәсіпкер келіншектің 3,1 миллион теңге табыс тапқаны анықталды. Сот шешімі бойынша «бизнес-леди» кінәлі деп танылып, оған 200 мың теңге соманың айыппұлы салынды.