Ж.Түймебаев ҚР Президентіне Астанада сәуірдің 26-27-сі күндері өтетін ТМД елдері мұғалімдері мен педагогтерінің бірінші съезіне әзірліктің барысы туралы баяндады

None
АСТАНА. Сәуірдің 5-і. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевты қабылдады.

Ж.Түймебаев Президентті білім беру жүйесінің бүгінгі жай-күйінен және келешек бағытынан хабардар етті. Қазақстан баршаға білім беру ісін дамыту индексі бойынша 2009 жылы әлемнің 129 елі ішінен бірінші орын алды және Орталық Азиядан Болон үдерісіне тұңғыш қосылған мемлекетке айналды, деп хабарлады Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.

Кездесу барысында білім беруді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының жобасы, Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауындағы «Ғылым туралы» жаңа заң жобасы, сонымен қатар Астанада биыл сәуірдің 26-27-сі күндері өтетін ТМД елдері мұғалімдері мен педагогтарының бірінші съезіне дайындық барысы жөнінде әңгіме болды.

- Соңғы 19 жылда мұндай деңгейдегі съезд бірінші рет Қазақстанда өтейін деп отыр. Бұл біздің ТМД көлеміндегі зор беделіміздің бір белгісі. Мен бұған қоса Түркі академиясын құру үдерісі туралы баяндадым. Академияның ашылуы Түрік Республикасының Президенті Абдолла Гүлдің биылғы мамыр айында болатын Қазақстанға сапары уақытына жоспарланып отыр, - деді Ж.Түймебаев.

Министр білім беру саласына ерекше көңіл аударылып отырғаны, биылғы сәуірдің 1-інен бастап жалақы мен шәкіртақының 25 пайызға ұлғайтылғаны үшін барлық мұғалімдер, педагогтар және студенттер қауымы атынан Мемлекет басшысына алғыс айтты.