Жақсы білім алу үшін шетелге бару міндетті емес - моңғолиялық студент
Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан «Қазақстан халықаралық білім кеңістігінде» деп аталатын студенттердің ІІ Халықаралық ғылыми конференциясында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мен Қазақстанға 2005 жылы келдім. Қазір Алматыдағы Қазақтың Абай атындағы ұлттық педагогика университетінің дайындық факультетінде 4-ші курста оқимын. Осында білім алып жатқаныма ризамын. Оқытушыларымыз өте жақсы. Бізге көмектесіп тұрады. Әзірге қандай да бір мамандықты таңдаған жоқпын. Бірақ журналист болғым келеді. Бүгінгі таңда Алматыда Моңғолиядан келген 5 студент бар. Біреуі ҚазҰПУ-да, қалған үшеуі Қазақтың Ұлттық аграрлық университетінде оқиды», дейді Чулуунэрдэнэ Чулуунбаатар. Бүгін ол дайындық факультетіндегі 4-ші курс тәлімгерлері арасында «Үздік студент» аталымы бойынша оқу орны басшылығы тарапынан арнайы марапатқа ие болды. Оның пайымдауынша, жақсы білім алу үшін міндетті түрде шетелде оқу керек деген дұрыс емес. Студент ақылды болса оны өз елінде де меңгере алады. Бұл үшін оның бойында зейін, ынта және жігер болу керек.
«Моңғолияда да қазақтар бар. Әйтсе де бұрын қазақ тілін үйренуге мән бермейтінмін. Қазақстанға келген кезде 1-2 курста ғана қазақ тілін оқыдық. Ұлттық тағамдарда ұқсастық бар екен. Бізде де қазанға ет пісіреді. Жалпы маған Алматыда ерекше ұнаған нәрсе - ағаштардың көптігі болды», дейді ұланбаторлық Чулуунэрдэнэ.