Жамбыл облысы Полиция департаментіне жаңа бастық келді
АСТАНА. KAZINFORM — Қайсар Сұлтанбаев енді Жамбыл облысы Полиция департаментін басқарады, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі.
— ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Ішкі істер министрінің бұйрығымен Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы болып Қайсар Әбілекұлы Сұлтанбаев тағайындалды, — делінген хабарламада.
Жаңа ПД бастығын жеке құрамға Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха және Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев таныстырды.
Қайсар Әбілекұлы Сұлтанбаев ішкі істер органдарында 1990 жылдан бастап қызмет атқарады. Әр жылдары Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды және Қостанай облыстарында басшылық қызметтер атқарған.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі комитетінің және департамент бастығы болған.
Бұдан бұрын Алтай Сембекұлы Әлі Жамбыл облысы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалғанын жазған едік.