Жамбыл облысында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, қаза болған жауынгерлер жесірлері мен тыл еңбеккерлеріне әлеуметтік қолдау ретінде 138 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді

None
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - Жамбыл облысында Ұлы Отан соғысы мүгедектері мен қатысушыларына, сондай-ақ қаза болған жауынгерлер жесірлеріне және тыл еңбеккерлеріне әлеуметтік көмек ретінде 138 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Соның ішінде облыс бюджетінен 60 млн. теңге болса, қалалық және аудандық бюджеттерден 66 млн. теңге бөлінген. Демеушілік көмек 11 млн. теңгені құрайды, деп хабарлады Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімдігінде наурыздың 30-ында, сейсенбі күні ардагерлер кеңесінің кезекті пленумы болды. Пленумда Жеңістің 65 жылдығына орай болатын дайындық шаралары қарастырылды. Облыста Жеңіс Күнін мерекелеу жөніндегі комиссия құрылып, ауқымды мерекелік іс-шаралар жоспары бекітілді.

Елбасының Жолдауына сәйкес Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай әрбір соғыс ардагері мен соғыс мүгедектеріне мемлекеттік бюджеттен 65 мың теңгені құрайтын біржолғы көмек көрсетілетін болады, деп атап өтті өз сөзінде облыс әкімі Қанат Бозымбаев. Сонымен қатар, ол өз сөзінде материалдық көмектен соғыс ардагерлері және мүгедектері қатарына теңестірілген адамдар да, соғыста қайтыс болғандардың жесірлері мен ата-аналары, қайтыс болған соғыс мүгедектерінің әйелдері және оларға теңестірілген тыл еңбеккерлері де тыс қалмайтынын атап көрсетті.

2009 жылы Жамбыл облысында 12 ардагерге пәтер кілттері табыс етілген, 100 ардагер денсаулықтарын шипажайларда түзеткен, үш ардагерге ақысыз телефон желісі орнатылып берілген.

Биылғы жылы Таразда 27 соғыс ардагеріне пәтер кілттері табыс етілгері отыр. Соғыс ардагерлері мен мүгедектердің жол ақысын төлеуге 383 млн. теңге қарастырылған. Ал шипажай-курорттық орындарда емделуге 8.3 млн, теңге қарастырылды. Мейрам құрметіне әрбір ардагерге 14 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіледі. Сондай-ақ облыс бюджетінен жеңілдікпен дәрі-дәрмек алу үшін 30 млн. теңге бөлінеді.

Бұдан басқа облыстық ардагерлер кеңесіне бюджеттік ұйымдпар мен басқармалардың қызметкерлері бір күндік еңбекақыларын аудару жөнінде шешім қабылданды.