Жаңа Салық кодексі кәсіпкерлерге ауыр тимей ме? – Жұманғарин жауап берді
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа Салық кодексі кәсіпкерлікке қалай әсер ететінін айтып берді.
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері Серік Жұманғариннен онсыз да тариф бағасы өсіп жатқан кезеңде жаңа Салық кодексі кәсіпкерлердің санын азайтып жібермей ме деп сұрады.
— Тарифтік бағдарлама іске асырылғанда мұндай жағдай (әлемдегі геосаяси оқиғалар – ред.) болған жоқ. Сол себепті қазір шамалы өзгеріс енгізіп жатырмыз. Тарифтік реформаны қазір тоқыратқан жоқпыз, бірақ аздап тежеп отырмыз. Соның арқасында қызмет көрсету секторындағы инфляция жарты процентке төмендейді. Оны есептеп шықтық. Жалпы айтқанда, әрине, біздің реформамыз, ҚҚС-ты 4 процентке көтеру өз әсерін береді. Инфляцияға 2-2,5 процент қосылады. Бірақ көбісі (кәсіпкерлер – ред.) мұны естігеннен-ақ бағаны көтеріп жіберді. Жаңа Салық кодексі келесі жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді, ал оның инфляцияға әсерін қазірден сезіп жатырмыз, - деді ол.
Содай-ақ министр елімізде салық саласын реформалағанда бизнеске қолдау көрсету мәселесі де назардан тыс қалмағанын айтты.
— Көбісі ірі кәсіпті ұсақтап, 10 шақты кіші және орта кәсіпкерлікті қолданып, салықтан қашады. Бұл қолдан жасалған кәсіпкерлік. Біз бір жағынан реформа жасап жатсақ, екінші жағынан бизнеске қолдауды арттырып жатырмыз. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ капиталын 1 трлн теңгеге ұлғайтып жатырмыз. Даму институттарын көтеріп, бизнеске қаражат беру мүмкіндігін арттырып отырмыз. Себебі қанша бизнес өкілімен сөйлессем де, оларға керегі — ақшаны арзан пайызбен алу мүмкіндігі. Қаржы әрі қолжетімді, әрі арзан болуы керек. Қазіргі уақытта Ұлттық банктің мөлшерлемесі 16,5 процент. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ біріккен мөлшерлеме бойынша 12,6 процентпен беріп отыр. Ертең Ұлттық банктің мөлшерлемесі азайса, бұл да төмендейді, - деді Серік Жұманғарин.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне қол қойды.