Жаңаөзен қаласында Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың сайлаулары өтпеуі мүмкін

None
АСТАНА. 6 қаңтар. ҚазАқпарат  /Марлан Жиембай/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы төтенше жағдай режімін ұзарту туралы Жарлығына сәйкес

бесінші сайланатын ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс және мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауы  аталған қалада өтпеуі мүмкін.

Бұл туралы бүгін ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Игорь Рогов Орталық сайлау комиссиясының қолдау хатына байланысты мәлім етті. Оның атап өтуінше, ОСК Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында республиканың өкілді органдарына сайлау өткізуге байланысты мәселелер бойынша Конституциялық кеңестің қаулысына түсіндірме беру туралы қолдау хат жолдаған. Аталған қолдау хатта қойылған мәселелерді талдай келіп, Конституциялық кеңес төтенше жағдай режімі қолданылып отырған жерлерде сайлау өткізілмейді деген қорытындыға келген.

Оның атап өтуінше, мемлекет азаматтардың сайлау құқығының жүзеге асырылуының  тәртібі мен шарттарын айқындап қана қоймай, бұл құқығын өзге конституциялық құқықтары және бостандықтарымен бірге толық көлемде өздерінің жеке қауіпсіздігі, сондай-ақ сайлаудың жариялығы мен бәсекелестігі жағдайында іске асыруында қамтамасыз етуі тиіс. Дегенмен, төтенше жағдай режімі кезінде жеке және заңды тұлғалардың бірқатар құқықтары мен бостандықтарына уақытша шектеу қолданылатындықтан аталған мақсаттарға қол жеткізу өте қиын.

«Демек, төтенше жағдай қолданылып отырған кезде ҚР азаматтарының өз қалауын еркін білдіруін, конституциялық құқықтары мен бостандықтарын толық жүзеге асыруын қамтамасыз ету  мүмкін болмағандықтан және төтенше жағдай туралы заңда тікелей тыйым салынғандықтан төтенше жағдай режімі қолданылып отырған жерлерде сайлау өткізілмейді»,-деді И. Рогов.