Жаңаөзенде 4 жаңа мектеп салынады - Б.Жұмағұлов

None
АСТАНА. 10 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында 4 жаңа мектеп салынады.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ақтаудан тікелей бейнебайланысқа шыққан ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.

Б.Жұмағұловтың атап өтуінше, Жаңаөзенде 32 мектепке дейінгі білім беру ұйымы, 23 орта мектеп және 6 колледж бар. Барлық білім ошақтары жоғары деңгейде жұмыс істеуде, балалардың сабаққа қатысуы 98 пайызды құрайды. Екі жылдың ішінде қаладағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны 20-дан 32-ге дейін өсті, олардың 13-і жекеменшік.

Дегенмен, аталмыш мекемелерде орын тапшылығы 7 мыңнан астамды құрайтындығын атап өткен министр, ағымдағы жылы 1500 балаға арналған 5 балабақшаны пайдалануға беру жоспарланып отырғандығын, ал 2017 жылға қарай республикалық бюджет қаражаты есебінен 8 балақша салынатындығын айтты.

Б.Жұмағұлов Үкімет басшысының тапсырмасына орай қалада бірқатар кездесу өткізгенін жеткізіп: «Қазіргі күні Жаңаөзенде бірде-бір апатты немесе үш ауысыммен оқытатын орта мектеп жоқ. Мектептердің 91 пайызы ғаламторға қосылған. Қалада тағы 4 орта мектеп салу жоспарлануда», - деп атап өтті.

Оның сөзіне қарағанда, қалада 35 балаға 1 компьютерден келетіндіктен министрлік ішкі қаражатын қайта бөлу арқылы Жаңаөзен мектептеріне 300 компьютер сатып алып бермек.