Жаңаөзенде қаза болғандардың отбасыларына 1 млн. теңге көлемінде өтемақы төленеді - Үкімет отырысы
17:34, 10 Қаңтар 2012
АСТАНА. 10 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Жаңаөзендегі тәртіпсіздік кезінде қаза болғандардың отбасыларына 1 млн. теңге көлемінде өтемақы төленеді.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ақтаудан селекторлық кеңес арқылы байланысқа шыққан «Самұрық Қазына» ҰӘАҚ басшысы Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.
Айта кетейік, Ө. Шөкеев бүгінде Жаңаөзенді қалпына келтіру бойынша Үкіметтік комиссияны басқаруда. «Қалалық мәслихат сессиясының жұмысына үкіметтік комиссия қатысты. Онда Жаңаөзенде қаза болғандардың отбасыларына 1 млн. теңге, ал жарақат алғандарға 500 мың теңгеге дейін өтемақы төлемдерін жасау шешімі жасалды», - деп атап өтті «Самұрық Қазына» басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, 16 желтоқсанда аталған қалада жаппай тәртіпсіздік орын алған еді. Содан бері қаладағы әлеуметтік-экономикалық ахуалды қалпына келтіру үшін Үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр.