«Жас Отан» жастар қанатының өкілдері жас кәсіпкерлер арасында байқау жариялады
Бұл туралы бүгін «Жас Отан» ұйымының атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешов журналистермен болған брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, аталмыш шара Мемлекет басшысының халыққа Жолдауындағы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға қатысты міндеттерін орындау мақсатында қолға алынып отыр. Сонымен қатар кәсіпкерлік жұмыстарын жастар арасында кеңінен насихаттап, осы саладағы дарынды жастарды анықтау да байқауды ұйымдастырудағы басты міндеттердің бірі.
Байқауға жасы 35-ке толмаған барлық Қазақстан азаматтары қатыса алады. Шара екі деңгейде ұйымдастырылады. Оның бірінші деңгейі аймақтарды өтеді. Байқауға қатысуға ниет білдірген үміткерлер аймақтағы «Жас Отан» ұйымының өкілдіктеріне барып, қажетті мәліметтер таратулары қажет. Сонымен бірге олар өздерінің кәсіпкерлік саласы бойынша жобаларымен және болашақ жоспарларымен таныстырады.
Байқауға жобаның орнына дайын өнімді де ұсынуға болады. Ұйымдастырушылар ең үздік жобаларды биылғы жылдың жаз мезгілінде өтетін «Зеренді - 2010» инновациялық лагерінде жариялайтын болады. Байқау жеңімпаздары арнайы дипломдармен марапатталып, «Сәтті енгізілген инновация», «Ауыл шаруашылығындағы бизнес», «Ақпараттық технологиялар саласындағы бизнес» атты аталымдар бойынша арнайы дипломдармен марапатталып, бизнесті дамытуға қажетті қаржыға ие болады. Байқаудың әрбір аталымының жеңімпазына 1 миллион теңге беріледі.