Жастар Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жобасын талқыға салды

None
АСТАНА. Қыркүйектің 10-ы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордада жастар Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жобасын талқыға салды.

Дөңгелек үстел аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген 7-ші арна тілшісі Максим Рожин «тәуелсіздігімізді алғанымызға 20 жыл уақыт өтсе де біз әлі күнге дейін қазақ тіліне ден қойып отырған жоқпыз, орыс тілі басым. Қай жерде болмасын, тіпті мемлекеттік қызметте де дәл сондай жағдай қалыптасқан. Ал 10 жылдан кейін не өзгереді? Осы аралықта бағдарламаның талабына бейімделетін, оның талабына көнетін біздің шенеуніктер, тілді білмейтін азаматтар қалай сөйлейтін болады? Осы сауалға менің ойымша, бағдарламада нақты жауап айтылып тұрған жоқ. Бізде қағаз жүзінде барлығы жақсы, іс жүзінде біраз сауалдар туындайды. Енді сол сауалдар 10 жылдан кейін тағы да алдымыздан шықса, ұят болар», дейді.

«Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы ұйымдастыруымен өткен шарада «Жас Отан» жастар қанаты орталық атқарушы органының, мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері, жастар бірлестіктерінің көшбасшылары қатысып, аталған бағдарламаны жан-дақты талқылады.