Жер үстінде ядролық сынақтарға орын болмауға тиіс
деп санайды Атырау облыстық мәслихатының депутаты Әлия Бекқожиева.
«Мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алып ауқымды әлем және ядролық қауіпсіздік» атты мақаласымен мұқият таныстым. Мемлекетіміз басшысының барлық ұсыныстарын құптаймын. Өйткені, қай жерде өмір сүрсе де жер үстіндегі бірде-бір адам әзірге ядролық қауіп толық және мәңгі жойылмай өзін қауіпсіздікте сезіне алмвайды», - дейді Ә.Бекқожиева.
Оның айтуынша, Атырау облысы тұрғындары үшін Президенттің ұсыныстары өте-мөте өзекті. Өйткені, тоқсаныншы жылдарға дейін аймақ аумағында Азғыр және Тайсойған ядролық полигондары болды. Оның бірі Қызылқоға ауданында, ал екіншісі - РФ-ның Астрахан облысымен шектесетін Құрманғазы ауданында орналасты. Оларда ядролық сынақтар жүргізілген кезде мыңдаған гектар жерлер айналымнан шығып қалды, осы аудандарда тұратын адамдардың денсаулықтарына елеулі зиян келді. Дәрігерлердің айтуынша, оның зардабы қазіргі күндері де білініп отыр.
«Қазір оларға мораторий жасалды. Бірақ мораторий -уақытша тыйым салу. Барлық елдер, ең алдымен ядролық мемлекеттер ядролық сынақтардан түпкілікті бас тартуы, сөйтіп, біздің еліміздің үлгісіне құлақ асуы тиіс», деп санайды Ә.Бекқожиева.