«Жезқазған - Сексеуіл» темір жолының құрылысы басталатын шақ алыс емес - Қызылорда облысы

None
ҚЫЗЫЛОРДА. 9 қаңтар. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ -            «Жезқазған - Сексеуіл» темір жолының құрылысы басталатын шақ тым қашық емес.

Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов Сек­сеуіл кенті тұрғындарымен кездесуінде осылай деді.

Аймақ басшысы сонымен бірге таяу аралықта «Бейнеу - Бозой» газ құбыры желісінің құрылысы да басталғалы тұрғанын айтты. Аталған екі үлкен жоба игерілгеннен кейін темір жолдың бойына орын тепкен тұрғындар ілеспе газдың игілігін көреді, байырғы теміржолшылардың бүгінгі ұрпағына мамандығы бойынша жұмыс көздері табылады. Бұған қоса, өңір тұрғындары осы темір жол арқылы Орталық Қазақстанға қиындықсыз жететін болады. Облыс басшысы сонымен бірге, тұрғындарға мемлекеттен берілетін жеңілдетілген несие мен «Сыбаға» бағдарламасы бойынша беріліп жатқан несиеден шет қалмау керектігін еске салды.

- Облысымыз аграрлы өңірден индустриялық аймаққа айналып келеді. Дегенмен, біз ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесін де дер кезінде шешіп отыруымыз керек, - деді облыс әкімі. - 2010 жылы бюджеттен 29 млн. теңге бөлініп, «Құмсай» бөгеті қалпына келтірілді. Ерте көктемде осы су қойма­сына қар мен жаңбыр суын жинап, бау-бақша, көкөніс егу ісін дамытуға тиіспіз. Соны­мен бірге мал өсіріп, көбейтемін деген тұрғындарға мемлекет тарапынан 3 млн. теңгеден несие берілуде. Бұл үшін республикамыз бойынша 5 млрд. 100 млн., ал облысымызға 933 млн. теңге қаржы бөлінген. Осыған орай мал шаруашылығын, әсіресе, түйе мен жылқы түлегін өркендетуге мүмкіндік бар. «Жұмыспен қамту - 2020» бағдар­ламасы бойынша оқығандарға сертификат берілуде. Осыны пайдаланып, мамандық алу керек. Алда «Жезқазған - Сексеуіл» темір жолының құрылысы басталғалы тұр. Сол кезде ірі тораптық станcаға айналған Сексеуілде ашылатын жаңа жұмыс орындарына мамандар керек болады.