Жыл басынан бері өрт сөндірушілер 1 мыңнан аса жарылыстың алдын алды
АСТАНА. KAZINFORM — Құтқарушылар жыл басынан бері өрт кезінде 1 459 газ баллонды қауіпсіз жерге шығарды, оның 385-і сыйымдылығы 50 литрлік болған, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.
Газ баллондары бар үйлердегі өрт өте қауіпті. Мұндай кезде құтқарушылардың жылдам және дұрыс әрекеті адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.
Өрт сөндірушілер өз өмірлерін қауіпке тігіп, адамдарды құтқарумен қатар, газ баллондарын өрттен алып шығып, жарылыстар мен үлкен залалдардың алдын алады. Олар осылайша көптеген отбасы мен үйлерді аман сақтап отыр.
— Азаматтық қорғау мамандары ескертеді: газ баллондары бар орындарда өрт қауіпсіздігі — әр адамның жауапкершілігі. Газ құрылғыларын орнату мен пайдалану ережелерін қатаң сақтау қажет. Бұл жарылыстар мен өрттің алдын алуға көмектеседі, — делінген хабарламада.
Төтенше жағдайлар министрлігі газ баллондарын қауіпсіз қолдану үшін келесі ережелерді ұсынады:
Баллондарды тек арнайы толтыру орындарында толтырыңыз. Газ баллондарын автожанармай станцияларында толтыруға болмайды.
Екі қабаттан жоғары үйлерде газ баллондарын қолданбаңыз.
Баллондарды жылытып қоюға болмайды.
Егер газдың иісі сезілсе, газ кранын дереу жауып, үйді жақсылап желдетіңіз. Ашық отты жақпаңыз, электр қуатын қоспаңыз.
Газ құрылғыларын ешқашан қараусыз қалдырмаңыз.
Балалардың газ құрылғыларын өз бетімен пайдалануға жол бермеңіз.
Газ шығып тұрғанын тексеру үшін сабын ерітіндісін қолданыңыз.
Осыған дейін ТЖМ қызметкерлеріне көтерме және қосымша төлемдер қалай төленетінін жазғанбыз.