Жол қызметтері қозғалыстар шектелген барлық учаскелерді ашты - Көлік және коммуникация министрлігі

None
АСТАНА. Сәуірдің 6-сы. ҚазАқпарат - Сәуірдің 6-сындағы жағдай бойынша, Көлік және коммуникация министрлігінің жол кәсіпорындары автокөліктердің қозғалыстары шектелген барлық учаскелерді ашты.

Шығыс Қазақстан облысындағы Бұғаз өзені арқылы өтетін көпірдің бұзылуы салдарынан Тарбағатай - Ақсуат учаскесінде тоқтатылған көлік қатынасын қалпына келтіру мақсатында уақытша көпірмен қоса салынған айналма жол сәуірдің 4-інен бастап ашылды.

Ал бүгінгі күннен бастап Ақтөбе облысындағы Қандыағаш - Ембі - Шалқар - Ырғыз автомобиль жолының Берсүгір - Шалқар учаскесінің 120-257 шақырымдарында да жол ашылды. Ол учаскеде нөсер жауынның салдарынан жол бетінде лай-батпақ болуына байланысты жеңін автокөліктер қозғалысына шектеу қойылған болатын.

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында барлық шектеулердің алынуымен қатар, жол қызметтері Қазақстанның шығыс, солтүстік және орталық аумақтарындағы жолдарды қардан тазалау жұмыстарын жалғастыруда. Оның ішінде, су құбырлары мен жол бойын қардан тазалау, жиналған суды азайту, сонымен қатар су басып кету қаупі бар әрбір учаске бойынша күнделікті бақылау орнату сияқты іс-шаралар жүргізуде.