Жұманғарин Салық реформасының ең бірінші міндетін атады
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа Салық кодексі бизнесті «ағартуға», көлеңкелі аймақтан шығаруға негізделгенін айтты.
— Бұл реформаның екі міндеті бар. Біріншісі – бизнесті ынталандыру: Ұсақтан — шағынға, шағыннан — ортаға, ортадан — іріге. Бұл өзгерістің ең мән беретін тұсы – кәсіп иесі арнайы салықтық тәртіпте бола тұрып жалпыға ортақ тәртіп субъектілермен жұмыс істей алмайды. Біз оған тыйым салып тастадық. Иә, бұл қатал тәсіл, бірақ солай ету керек болды. Бұл дегеніміз сен тендерге қатысып, жеткізуші ретінде басқа да келісімдер жасағың келсе, жалпыға ортақ салықтық тәртіпке өтуің керек деген сөз. Ол үшін «ағаруың» керек, қанша жалақы беретініңді, қанша адам жұмыс істейтінін ашып көрсетуің керек, - деді ол «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен баспасөз мәслихатында.
Бұған дейін ол жаңа Салық кодексі кәсіпкерлікке қалай әсер ететінін айтып берген еді.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне қол қойды.