Жұмысшылар ең төменгі күнкөріс деңгейінің заман талабына сай емес екенін анықтады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жақын арада Қазақстанның кәсіподақтары жұмысшылар арасындағы сауалнаманың нәтижесінде анықталған қазіргі ең төменгі күнкөрістің деңгейін жариялауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Бүгінде көптеген әлеуметтік маңызы бар төлемдерді есептеу кезінде xалықтың ең төменгі күнкөріс деңгейінің көлемі ескеріледі. Аталған көрсеткіш соңғы жеті жылда қайта қаралған жоқ. Мемлекет басшысының айтуынша, 2018 жылда оны тағы қарастыратын болады. Біз, кәсіподақтар осы проблеманы соңғы бір жарым жыл бойы зерделеп келеміз. Осыған байланысты Қазақстанның барлық облыстарында сауалнама жүргізіп, 1500-ден астам анкетаны жинап алдық. Осы анкеталарды зерделеу кезінде қазіргі ең төменгі күнкөріс деңгейінің заман талабына сай емес екеніне көз жеткіздік. Сұраныс та басқа, жағдай да өзгерді. Жақын арада біз өзіміз анықтаған күнкөріс деңгейін Үкіметтің қарауына ұсынатын боламыз", - деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиxатында.

Федерация басшысы жұмысшылардың есептеп шығарған ең төменгі күнкөріс деңгейінің көлемін жариялаған жоқ. Оның айтуынша, барлық есептер аяқталғаннан кейін алдымен ол ақпарат Үкіметке жолданады. "Шамамен, бірінші жартыжылдықта біз осы жұмысты аяқтайтын боламыз", - деп атап көрсетті федерация басшысы.