1 қаңтардан бастап Қазақстанда экспорт электронды декларациялауға көшеді

Бұл туралы бүгін Астанадағы «Атамекен» ҰКП-да өткен «Астана - 1» пилоттық жобасының мәселелері талқыланған видеоконференция барысында ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Кедендік процедуралардың 94 пайызы - экспорт пен импортқа қатысты. Егер біз осы кедендік процедураның «экспорт» бағытын 1 қаңтардан бастап нақты жүзеге асыра бастасақ, бұл жаман болмайды. 12 желтоқсанда арнайы чат құрып, осы салаға қатысы бар барлық адамдарды, коммерциялық және брокерлік компаниялардың өкілдерін талқылауға тартқан болатынбыз. Келіп түскен ескертулердің барлығы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», - дейді Ардақ Теңгебаев.
Комитет төрағасының айтуына қарағанда, жалпы кедендік транзит бойынша осы салаға қатысты барлық қатысушылардан ауызша сауалнама алынып, тың өзгерістерге бәрі қолдау білдірген.
«Астана - 1» кедендік процедураларды жеңілдетуді көздейді. 1 қаңтардан бастап тек экпорт қана электронды декларациялауға көшеді», - дейді Ардақ Теңгебаев.
Ал ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары жиыннан тыс тілшілерге берген сұхбатында кедендік процедураның импорт бағыты 1 ақпаннан бастап электронды декларациялауға көшетінін атап өтті.
Еске сала кетсек, ағымдағы жылдың 13 желтоқсанында Мемлекет басшысы» «ЕАЭО-ның Кедендік кодексі жөнінде Келісімді ратифтикациялау туралы» Заңға қол қойған болатын. Онда кеден процедураларын қысқартып, оларды электронды жүйеге көшіру қарастырылған.
Айта кетерлігі, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап кедендік 17 процедураның барлығы электронды декларациялауға өтуі тиіс еді. Алдағы уақытта «Астана - 1» пилоттық жобасы Қазақстанның барлық аймақтарына таралмақ. Тауарларға қатысты кедендік процедуралар, атап айтқанда, ішкі пайдалануды шығару, экспорт, кеден транзиті, кеден қоймасы, кеден аумағында қайта өңдеу, кеден аумағынан тыс қайта өңдеу, ішкі қолдану үшін қайта өңдеу, кедендік еркін аймақ, бос қойма, уақытша әкелу, уақытша әкету, кері импорт, кері экспорт, бажсыз сауда, жою, мемлекет пайдасына бас тарту, кедендік арнайы процедура электронды жүйеге көшіріледі.