10 мыңнан астам қарағандылықтар 1 мамырға арналған мерекелік шеруге қатысты

Шерушілер легі қаланың бас Бұқар жырау даңғылымен жүріп өтті. Шеруге 10 мыңнан астам адам - ұйымдар мен кәсіпорындардың, ЖОО, этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Мерекелеу Тәуелсіздік алаңында ұлттық-мәдени орталықтар ұжымдарының қатысуымен «Қазақстан - достық мекені» бағдарламасымен жалғасты. Әрбір орталық, сонымен қатар, қонақтарға өз ұлттық тағамдарын дайындады.
«Бұл ғажайып және барлық қазақстандықтарға таныс мереке біздің Тәуелсіздік жылдарында сақтаған және тереңдеткен бірлесуімізді, достығымызды және бауырластығымызды бейнелейді. Сарыарқа жері, сонымен қатар, достық бесігі ретінде тарихи қалыптасқан. Мұнда 100-ден астам этнос өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп, жарқын болашаққа үмітпен қарауда», - деп құттықтады қарағандылықтарды облыс әкімі Бауыржан Әбдішев.
Аймақ басшысы облыстың бес қайраткеріне Қазақстан халқы Ассамблеясының медалін тапсырды. Бұл - тәуелсіздікті, ұлттық бірлікті нығайтуға, мәдениетаралық диалогты және қазақстандық отансүйгіштікті дамытуға қосылған елеулі үлесі үшін марапат.
«Бұл - еліміздің барлық халықтарының мерекесі. Бұл күні барлығымыз топтаса түсеміз және бір-бірімізді қолдау сезімін ерекше түсінеміз. Және бұл тамаша көктемгі күн бізге болашаққа зор сенім береді», - деп атап өтті ҚХА мүшесі, қоғамдық марапатқа лайық болған «Шахтерское» ЖШС директоры Георгий Прокоп. Қарағандыдағы мерекелік концертте әйгілі қазақстандық әншілер Бүркіт пен Дильназ Ахмадиева өнер көрсетті.
Бүгін мерекелік концерт бағдарламалары қаланың барлық алаңдарында ұйымдастырылған.