«100 қадам»: Инвестиция мен трансұлттық компаниялар арқылы аграрлық сектордың зор мүмкіндіктерін ашу керек

Ілгеріге жылжымай-ақ, бүгінгі күнмен айтсақ та, азық-түлікпен қамту мәселесі қазірдің өзінде жаһандық дамудың негізгі тақырыптарының бірі болып отыр. Мынадай мәліметтерді келтіре кетейік, БҰҰ белсенді түрде күш салғанына қарамастан, соңғы 20 жылда әлемде аштыққа ұшыраған азаматтардың саны 200 млн. адамға қысқарғанымен, әлі де болса 805 млн. адам ішер асқа жарымай жүр. Бұл - ғаламшардың әрбір 9-шы тұрғыны. Әлемде бала өлімінің жартысына жуығы, нақты айтқанда, 45 пайызы қарны тойып, ас ішпеудің салдарынан орын алуда. 5 жасқа дейінгі 51 млн. бала тамақ жетіспеушілігі салдарынан жүдеп кеткен. Ал 17 млн. баланың, тіпті қабырғасы ырсиып, өлім аузында жүр. Ендеше, алдағы уақытта Жер шарында адам саны көбейген сайын бұл проблема өрши түсетіні белгілі.
Ал осындай жаһандық күн тәртібінен шығатын қисынды негіз - келешекте ауыл шаруашылығы, азық-түлікпен қамту әлеуеті жоғары ел қуатты елге айнала бермек. Бұл кең байтақ даласы бар Қазақстанға да қатысты мәселе. Айта кетерлігі, Қазақстанның бүгінгі һәм келешек әлеуетін ескергендіктен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бес институттық реформа» аясындағы «100 қадам» Ұлт жоспарында да осы аграрлық мәселеге баса назар аударып отыр. Елбасы айқындаған ауқымды институттық реформалар негізінен қазіргі заманғы мемлекеттік аппаратты қалыптастыруды; заңның үстемдігін қамтамасыз етуді; индустрияландыру мен шағын және орта бизнесті дамытуды; болашақтың біртұтас ұлтын қалыптастыруды; транспарентті және есеп беретін мемлекетті құруды көздейді. Ал институттық реформаны жүзеге асыру үшін айқындалған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында ауыл шаруашылығы саласына арналған бірқатар маңызды міндеттер жүктелгені белгілі. Бұлар: аграрлық салада ашық та тиімді жер рыногын құру, сондай-ақ, инвестициялар тарту, трансұлттық компанияларды аграрлық саланың өңдеу секторына белсенді тарту мәселесі.
Тоқтала кететін жайт, Қазақстанның аграрлық саласында әлеует жеткілікті болғанымен, оның тиімді пайдаланылуы, дамуға, соның ішінде экономиканы әртараптандыруға агросектордың үлесі айтарлықтай әсерлі болып отырған жоқ. Санамалап айтар болсақ, Қазақстан жер аумағының үлкендігі жағынан әлемде тоғызыншы мемлекет, соның ішінде бірегей ауыл шаруашылығы ресурстарына да ие. Айталық, еліміздегі ауыл шаруашылығына жарамды жерінің көлемі 215 миллион гектарды құрайды. Осының өзі әлемдік ресурстардың 4 пайыздан астамы деген сөз. Бұл ретте Қазақстанның Австралия және Канадамен қатар әр тұрғынға шаққанда егістік жер көлемі жөнінен әлемдегі алдыңғы орындардың біріне ие екенін де айта кеткен артық емес. Сосын, табиғи климаттық белдеулердің әртүрлілігі және топырақ құнарлылығының арқасында Қазақстанда бидай, күріш, майлы және азықтық дақылдар, ет пен сүт бағыттары бойынша өнімдер өндіруге де қолайлылық жоқ емес. Бұларға дәлел ретінде еліміздің әлемде ірі астық экспорттаушы елдердің ондығына кіретінін (соның ішінде ұн экспортынан бірінші орында), жыл сайын Орталық Азия елдеріне 6 миллион тонна, Еуропалық одақ елдеріне 2 миллион тоннаға дейін астық экспортталатынын да айтуға тиіспіз.
Ендеше, ертеңгі күнді ойласақ, Қазақстанның басты басымдығы да осы аграрлық сала болуы тиіс. Ал Қазақстан «әлемдік фермер еліне» айналуы үшін не істеуі керек? Бұл ретте Мемлекет басшысының ұсынған реформаларының аясында көтерілгеніндей, аграрлық салаға инвестицияны тартудың, сол арқылы ұлттық экспорттық әлеуетті арттырудың маңызы зор. Айталық, «100 нақты қадамның» 61-інде ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту керектігі айтылған. Шындығында, ет өндірісінде қазақстандық әлеует жоғары, өйткені мал шаруашылығын дамытуға еліміздің табиғи климаттық жағдайлары мол мүмкіндік береді. Яғни, табиғи мүмкіншілік болып табылатын ауқымды мал жайылымы ғана емес, географиялық тұрғыда қолайлы орналасуының арқасында Қазақстан ет экспортында айқын басымдыққа ие бола алады. Мәселен, еліміздегі мал жайылымы 180 млн. гектар аумақты алып жатыр, сосын әлемде сиыр етін ең көп импорттайтын екі ел - Ресей және Қытаймен Қазақстан шектеседі. Деректерге сүйенсек, былтырдың ішінде ғана Ресей мен Қытай жалпы құны 5 млрд. долларды құрайтын 1 млн. тоннаға жуық сиыр етін сырттан сатып алған. Сырттан болғанда да бұл екі алып ел іргедегі Қазақстаннан емес, алыс шетелдерден ет экспорттауда. Ал неге бұл мүмкіндікті Қазақстан пайдаланбай отыр? Ендеше, басты мәселе - осындай оңтайлы жағдайды дұрыс пайдалану. Екіншіден, Қазақстан сыртқы нарықты айтпағанның өзінде, ауыл шаруашылық әлеуеті дұрыс жолға қойылмағандықтан ішкі сұранысты да дұрыс жаба алмай келеді. Мәселен, Елбасы Н. Назарбаев шетелдік инвесторлар кеңесінде сөйлеген сөзінде соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы тауарының өнімдер импорты 45 пайызға өсіп, оның жылдық көлемі 4 миллиардтан асқанын, ірімшік пен құс етінің тең жарымы, шұжық пен май өнімдерінің 40 пайыздан астамы сырттан әкелінетінін сынаған еді. «Осылардың барлығын біз ел ішінде де өндіре аламыз. Демек, осы іске инвестиция салуға кім дайын болса, соларға өндірген өнімді өткізудің кепілді рыногы да дайын», - дейді Президент.
«100 қадамның» 35-қадамында ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу мен Жер кодексіне және басқа да заң актілеріне өзгерістер енгізу туралы айтылған болатын. Осыған орай, Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қолға алынатын жұмыстар жерді пайдаланудың жаңа тәсілдері мен жолдарын ашқалы отыр. «Жер мәселесіне келер болсақ, ондағы тоқырап тұрған бірнеше мәселелер бар. Бірінші өзекті мәселе - жерді пайдаланушылардың жер ресурстарын ұтымды түрде пайдаланбауы болып отыр. Келесі кезекте шешімін күтіп тұрған проблема - мемлекетіміздің жері кең-байтақ болғанымен, жерді сатып алып немесе жерді пайдаланамын деушілерге жер алу қиындық тудыруда. Бір жағынан жер жоқ секілді көрінеді, ал шын мәнінде, бос тұрған жерлер игерілмей қалуда. Осындай күрделі мәселелерді шешу үшін бізде арнайы жұмыс тобы құрылды. Олар осы бағытта жұмыс істеуде», - дейді Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков. Министр аталған мәселелерді шешу үшін әкімшілік бақылауды ұлғайту, Жер кодексіне, Үкіметтің кейбір ережелеріне өзгерістер енгізу қажеттігін де алға тартады. Сонымен қатар, жерді жалға алушылардың оны ұтымды түрде пайдалануы үшін тиісті нормативтер енгізу керек екен.
«100 нақты қадам» жоспарында азық-түлік тауарларын қайта өңдеу үшін шетелдік трансұлттық компанияларды тарту тапсырылған болатын. Мұндағы басты мақсат - ауыл шаруашылығы өндірісін жоғары тиімді, әртараптандырылған және экспортқа бағытталған өңдеу секторының базасы ретінде дамыту. Ет және сүт бағыттарында әлемдегі жетекші компаниялармен стратегиялық әріптестік жағдайында үш жыл ішінде елдің ішкі рыногында және сыртқы экспорттық рыноктарда сапалы, экологиялық таза өнімдерді жеткізуші ретінде елеулі орын алу мақсаты да көзделеді. Министрлік Елбасының осы тапсырмасы бойынша он бес жоба дайындаған екен. Олардың жалпы құны 1 млрд. доллардан асады, шамамен 250 млрд. теңгеге жуық. Министрлік деректеріне қарағанда, бұлар құс етін өндіретін, ет өңдейтін, май шығаратын, астықты терең өңдейтін кәсіпорындар болмақ әрі олар Қазақстанның барлық облыстарында орналасатын болады.
«Бұндай жобалар тек өңдейтін өнімнің үлесін ұлғайтпай, біздің экономикамызға жаңа технология, жаңа бизнес үлгісін әкеледі деп сенеміз. Мысалы, құс етін өндіретін үш фабриканың жалпы қуаттылығы 90 мың тонна болады, бұл біздің импортымыздың жартысынан артық. Міне, ауыл шаруашылығы саласына осындай үлкен үлесін қоспақшы», - дейді министр Асылжан Мамытбеков.
Айта кетерлігі, соңғы уақытта Қазақстанда аграрлық салаға жіті назар аударылып келеді. Мәселен, қазіргі таңда «Агробизнес-2020» кең көлемді бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның аясында елдің агросекторы 16 миллиард доллардан астам қаржыға инвестицияланатын болады. Тек соңғы 4 жылдың өзінде мемлекет агроөнеркәсіптік кешенге 5 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Бұндай қолдау алдағы уақытта да, ДСҰ аясында да сақталады. Ендеше, қазақстандық аграрлық сектор ұлттық экономикадағы өзінің лайықты орнын табуы шарт.