11-13 мамыр аралығында Үндістанның астанасында Қазақстан мәдениетінің күндері өтеді

Мәдениет күндері ауқымында Үндістан халқының назарына Қазақстанның үздік мұражайларының бірегей экспонаттары, жетекші оркестрлер мен танымал әншілердің қойылымдары ұсынылатын болады.
Шығармашылық делегация сапында еліміздің үздік өнер ұжымдары - Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» Мемлекеттік Академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі, «Қазақстан Камератасы» Мемлекеттік ансамблі, ең үздік орындаушылар - Еркін Шүкіманов, Ділбар Бұрханова, Гүлзира Бөкейхан, Ақмарал Қайназарова, Медет Шотабаев, Гүлфайруз Құрманғожаева, Жандос Әубәкіров, Күміс Базарбаева, Гаухар Мырзабекова, Мәдина Баспаева, Тайыр Ғатауов, Азамат Жылтыргөзов, Нұржамал Үсенбаевалар бар.
Мәдениет күндері бағдарламасында «Taj Palace» қонақ үйінде - Қазақстан Республикасы Алтын және бағалы металдардың мемлекеттік мұражайы және «Құланшы» Қазіргі заманғы мәдениет орталығы көрмелерінің ашылуы; «Indian Habitat Centre» концерт залында «Қазақстан Камератасы» Мемлекеттік ансамбілнің концерті; «Siri Fort Auditorium» концерт залында - Қазақстан өнері шеберлерінің гала-концерті; «Manekshaw Centre» - Н. Тілендиев атындағы «Отырар сазы» Мемлекеттік Академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрдің концерті өтеді.