111 мемлекет қазақстандық кәсіпорындардың дайын өнімдерін сатып алуда - Елбасы
«Біз қашанда «шикізатты мемлекет» болған едік. Бұл тұрғыдан Ресеймен ұқсас елміз. Сондықтан да, экономиканың негізгі басымдығын экспортқа бұруды қолға алдық. Нәтижесінде елімізде бұрын шығарылмаған 250 өнім түрі пайда болды, ал қазіргі таңда әлемнің 111 мемлекеті қазақстандық кәсіпорындар шығарған дайын өнімдерді сатып алуда», - деді Н.Назарбаев.
Сонымен қатар Елбасы Қазақстан ТМД кеңістігінде алғашқы болып «жасыл» экономиканы дамыту стратегиясын қабылдағанын жеткізді.
«2017 жылы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтеді. Оның басты тақырыбы - «жасыл» экономиканы дамыту. Осыған орай біздің ғалымдарымыз бірлесе жұмыс істеп, бүкіл әлемге осы бағыттағы жобаларды паш етулеріне де болатын еді», - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент бүгінгі таңда елімізде бұған дейін болмаған экономиканың жаңа негіздері қалыптасып жатқанын да атап өтті. Оның ішінде автомобиль саласы, авиақұрылыс, тепловоздар мен теміржол көлігін шығару, жер серігін дамыту секілді салалар бар.
«Ауылшаруашылығы саласы да азық-түлік өндірісінің өңірлік орталығы ретінде жедел дамып келе жатыр. Қазақстан бұған дейін 10-12 млн. тонна астықты экспорттап көрмеген еді», - деді Н.Назарбаев.