15 қазан. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 15 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
56 жыл бұрын (1969)«Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Гүлжахан Амангелдіқызы БИМЕНДИНА дүниеге келді.

Түркістан облысы Кентау қаласында туған. 1996 жылы Жерге орналастыру бойынша мемлекеттік университетті (РФ, Мәскеу қаласы) «Жерге орналастыру» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1996 жылы ҚР Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттік комитеті Солтүстік Қазақстан облыстық жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi комитетінің Сергеевка аудандық жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi комитетінің бас маманы, 1997-1998 жылдары «Жер ресурстары және жерге орналастыру мемлекеттік ғылыми-өндірістік орталығы» Солтүстік Қазақстандық еншілес мемлекеттік кәсіпорнының инженер-жерге орналастырушысы, 1998-1999 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық жер ресурстарын басқару жөнiндегi комитетiнiң Сергеевка аудандық жер ресурстарын басқару жөніндегі комитетінің төрайымы, 1999-2004 жылдары ҚР Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігінің Ақмола облыстық жер ресурстарын басқару жөніндегі комитетінің бас маманы болып қызмет атқарған. 2004 жылы Ақмола облысы, Егіндікөл аудандық жер ресурстарын басқару жөніндегі комитетінің төрайымы, 2004-2007 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық басқармасы Бастығының орынбасары, 2007 жылы «Петропавл қалалық жер қатынастары бөлімі» ММ бастығы, 2007-2008 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық басқарма бастығының орынбасары, 2008 жылы «ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігі Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша өңіраралық жер инспекциясы» ММ Солтүстік Қазақстан облысының жерлерін пайдалануды және күзетуді мемлекеттік бақылау бөлімінің бастығы, 2008-2009 жылдары ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінің Геодезиялық қадағалау және лицензиялау, жерге орналастыру басқармасының бастығы қызметінде болды. 2009-2012 жылдары ҚР Жер ресурстарын бақылау агенттігінің Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша өңіраралық жер инспекциясының бастығының орынбасары, 2012 жылы ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аумақтық жер инспекциясының бастығы, 2012-2013 жылдары ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінің жауапты хатшысы, 2013-2014 жылдары ҚР Өңірлік даму министрлігі Жер қатынастары және геодезия саласын реттеу департаментінің директоры, 2014-2016 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігі Экономиканың инфрақұрылымын дамыту департаменті директорының орынбасары, 2016-2019 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Төрағасының орынбасары, 2019-2021 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің Төрайымы лауазымында қызмет атқарды. 2021-2022 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің Төрағаның орынбасары, 2022-2023 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің «Ауыл шаруашылығы аэрофотогеодезиялық іздестіру мемлекеттік институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры қызметін атқарды.
Қазіргі лауазымын 2024 жылдан бері атқарып келеді.
«Құрмет» орденімен (.2021), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011) мерейтойлық медалімен марапатталған.
55 жыл бұрын (1970)Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің экономика басқармасының басшысы Наталья Геннадьевна ДЫШКАНТ дүниеге келді.

Көкшетау облысы, Куйбышев ауданы, Червонное ауылында туған. 1989 жылы Целиноград қаржы-экономикалық техникумын, 2004 жылы қаржы және несие мамандығы бойынша Көкшетау экономика және менеджмент институтын бітірді.
1989-2014 жылдары Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның қаржы бөлімінде жұмыс істеді. 2015-2019 жылдары СҚО әкімдігі қаржы басқармасы басшысының орынбасары, 2019-2025 жылдары СҚО әкімдігі қаржы басқармасының басшысы болып жұмыс атқарды.
Қазіргі лауазымына 2025 жылдың қыркүйегінен бастап тағайындалды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20-жылдығына орай мерейтойлық медальмен марапатталды.
54 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасының Француз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гүлсара Мерейқызы АРЫСТАНҚҰЛОВА дүниеге келді.

Қазақ мемлекеттік әлем тілдері университетін, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Страсбург қаласының Гуманитарлық ғылымдар университетін және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Халықаралық қатынастар бейіні бойынша доктор.
Дипломатиялық қызметін 1998 жылы Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігінің атташесі ретінде бастады. ҚР СІМ-де ТМД істері жөніндегі комитеттің екінші, бірінші хатшысы, Халықаралық ақпарат комитетінің басқарма басшысы лауазымдарын атқарды. 2003-2007 жылдары Қазақстанның Франциядағы Елшілігінде екінші, одан кейін бірінші хатшы болып жұмыс істеді. 2008-2022 жылдары Президент Әкімшілігінің Сыртқы саясат және халықаралық байланыстар бөлімінің консультанты, сектор меңгерушісі, орынбасары қызметін атқарған.
2022 жылдың шілдесінен бастап қазіргі қызметінде.
54 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Рүстем Есләмбекұлы НҰРПЕЙІСОВ дүниеге келді.

Көкшетау облысы, Көкшетау ауданының Қарлыкөл ауылында дүниеге келген. Ақмола қаржы-экономикалық колледжін, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолын 1988 жылы комсомол ұйымында бастады. 1992-1994 жылдары Көкшетау облысы Уәлиханов ауданы «Авангард» совхозы директорының орынбасары, 1994-1997 жылдары Көкшетау облысы Уәлиханов ауданы Салық инспекциясының маманы, 1997 жылы Көкшетау облысы Уәлиханов аудандық қаржы бөлімінің маманы, жетекші маманы. 1997-1999 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы Зеренді аудандық қаржы бөлімінің маманы болып жұмыс атқарған. 1999-2002 жылдары Ақмола облыстық қаржы басқармасының бас маманы, 2002-2015 жылдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мемлекеттік бақылаушы-консультанты, бас сарапшы-бас мемлекеттік бақылаушысы, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, 2015-2016 жылдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Экономиканың дамуын мемлекеттік бақылау бөлімінің меңгерушісі, 2016 жылы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Экономиканың дамуына мемлекеттік аудит жүргізу бөлімінің меңгерушісі қызметінде болды. 2016-2017 жылдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Әдіснама және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің меңгерушісі, 2017 жылы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Жоспарлау, талдау және есептілік бөлімі алдын ала бағалау секторының меңгерушісі, 2017-2018 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ішкі аудит және бақылау департаментінің директоры, 2018 жылы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің аппараты Мемлекеттік аудит бөлімі басшысының орынбасары-мемлекеттік аудитор, 2018-2021 жылдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің аппараты Экономиканың нақты секторына аудит жүргізу бөлімінің басшысы, 2021-2022 жылдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі қызметінде болды.
Қазіргі қызметін 2022 жылғы қараша айынан бері атқарып келеді.
«Құрмет» орденімен (2020 ж.), «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2008 ж.), ведомстволық және мерекелік наградалармен марапатталған.
131 жыл бұрын (1894-1938) қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушы, дарынды драматург, білікті ұстаз, мемлекеттік қайраткері Сәкен СЕЙФУЛЛИН дүниеге келген.

Қарағанды облысы Ақадыр ауданы Қарашілік қыстағында туған. Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде, қалалық үш класты училищеде оқыған.
1914 жылы Қазан қаласында «Өткен күндер» деп аталған тұңғыш өлеңдер жинағын шығарған. Омбыдағы қазақ жастарының «Бірлік» қауымы басшыларының бірі болды. 1917 жылы Бұғылыда мектеп ашып, орыс тілінен сабақ берді. 1918 жылғы сәуірде «Жас қазақ марсельезасын» жазып, 1 мамырда «Бақыт жолында» атты пьесасының беташар қойылымын көрсеткен. 1920 жылы Ақмолаға оралып, атқару комитеті төрағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі болған. Осы жылғы қазанның 4-де Қазақ Кеңес Автономиялық Республикасын жариялаған Кеңестердің Бірінші Құрылтай съезі делегаты болып қатысқан, Орталық Атқару Комитеті Президиумының мүшесі болып сайланған. Жер-су комиссиясының жұмысына және баспасөз ісіне басшылық жасады.
«Еңбекші қазақ» газетінің редакторы, халық ағарту комиссарының орынбасары, Қазақ КАСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы, Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылым Орталығының төрағасы, Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының басшысы, БК (б)П Қазақстан Өлкелік Комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі, Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры, «Жыл құсы» альманағы, «Жаңа әдебиет» журналы басшысы, Қазақтың мемлекеттік институтының доценті, «Әдебиет майданы» журналының редакторы, Қазақтың коммунистік журналистика институтының профессоры қызметтерін атқарған. Осы кезде жаңа өмір жолында күреске шақырған «Асау тұлпар» өлеңдер жинағы, «Бақыт жолына», «Қызыл сұңқарлар» атты пьесалары жарық көрген. «Домбыра», «Экспресс», «Тұрмыс толқынында» атты поэтикалық жинақтарында Қазан төңкерісінің жеңісі жырланды. Жаңашыл ақын поэзия мен драматургияға көп жаңалықтар енгізді. Өлеңнің түрі мен мазмұнында түбегейлі өзгеріс жасап, қазақ халқының поэтикалық дәстүрін дамытты. С. Сейфуллин өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер болды. «Көкшетау», «Қызыл ат» дастандарында заманалық мәселелер көрсетілген. «Қызыл атта» 30-жылдардың бас кезінде Казақстанның ауыл шаруашылығында орын алған асыра сілтеу оқиғалары сыналады. «Ақсақ киік», «Аққудың айрылуы» шығармаларында туған даланың табиғатын, адамның ішкі сезім күйлерін суреттейді. С. Сейфуллин проза, драматургия, әдеби сын, әдебиеттану салаларында көрнекті еңбек етті. С. Сейфуллин қазақ халқының патшалық езгіге қарсы күресін «Тар жол, тайғак, кешу» атты тарихи-мемуарлық романында көрсетеді. Қазақтың ескі әдебиет нұсқауларын жинау, зерттеу, бастыру ісімен де шұғылданды. Оның қатысуымен «Қазақтың ескі әдебиет нұсқаулары», «Батырлар», «Ақан сері — Ақтоқты», «Ләйлі — Мәжнүннің» қазақша аудармасы жарық көрді. «Қазақ әдебиеті» кітабы — осы саладағы алғашқы зерттеу еңбектерінің бірі. Халық әдебиеті материалдарын мол жинап, пайдаланған бұл зерттеуінде қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жанрлық жағынан жіктеп, идеялық-көркемдік талдаулар жасайды. 1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен бірінші онкүндігіне қатысты. Қазақ жазушылары ішінен тұңғыш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 1938 жылы жазаға ұшырады. Ол туралы С. Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин» пьесасы, Ғ.Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейне» повесі, поэмалар, әдебиеттанушылық зерттеулер жазылды.
120 жыл бұрын (1905-1995) ақын, журналист, Қазақстанның халық жазушысы Әбу (Әбуғали) СӘРСЕНБАЕВ дүниеге келді.

Атырау облысының Құрманғазы ауданында туған. Астрахандағы партия мектебін, Алматыдағы Коммунистік жоғарғы оқу орнын бітірген.
1934-1936 жылдары -«Түрксіб» газетінің редакторы, 1936-1942 жылдары Қазақ мемлекеттік баспасының директоры болды. 1942-1947 жылдары Кеңес армия қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысты. 1947-1953 жылдары Қазақ мемлекеттік оқу-педагогикалық баспасының директоры қызметін атқарған. Оның «Еділ толқыны» атты тұңғыш дастаны 1937 жылы жарық көрген. «Жүрек сыйы», «Ант», «Ақша бұлт» атты өлең кітаптары, «Толқында туғандар», «Теңіз әуендері» романдары, «Арбасу» (Қ.Жұмалиевпен бірге), «Теңіз махаббаты» пьесалары, «Әдебиет хрестоматиясы» (Е.Исмайловпен бірге құрастырған, 3-сыныпқа арналған), «Оқу кітабы» (үлкендер мектебіне арналған), «Ана тілі» (3-сыныпқа арналған) оқулықтары, әскери новеллалар мен эсселер жинағы жарық көрген. Сонымен қатар А.Пушкин, М.Лермонтов, Ш. Петефи, Н.Некрасов, Фаиз шығармаларын қазақ тіліне аударған. Оның шығармалары орыс, эстон, түрікмен, тәжік, болгар, т. б. тілдерге аударылған.
Қызыл Жұлдыз, Қазан революциясы, Халықтар достығы, Еңбек Қызыл Туы, Отан соғысы «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
113 жыл бұрын (1912-1998) жазушы, аудармашы, журналист, КСРО және Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Жайық БЕКТҰРОВ дүниеге келді.

1934 жылы Ақмола облысы Ақмола ауданы Қызылағаш ауылында туған. Жоғары коммунистік ауыл шаруашылығы мектебін, 1955 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған ол кейін Қарағанды, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарында комсомол жұмысында, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің жауапты редакторының орынбасары, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің бөлім меңгерушісі, Жамбыл облысы «Колхоз жолы» (кейін «Еңбек туы») газетінің редакторы, Талдықорғанда ұстаз, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы болған. «Жол жоралғысы» (1977) жинағының авторы. Л.Пантелеев, Г. И. Серебрякова, Д. Дефо, Ш. Петефии, Я. Г. Гашек, т. б. шығармаларын қазақ тіліне аударды. Қазақ зиялылары туралы жазылған естеліктері мен әдеби портреттер жинағы шықты.
101 жыл бұрын (1924-1991) қазақ жазушысы, ақын, сценарийші Бердібек Ыдырысұлы СОҚПАҚБАЕВ дүниеге келді.

Алматы облысының Нарынқол ауылында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, кейіннен Мәскеуде Жоғары әдеби курсты бітірген.
Біраз жыл ауыл мектебінде бала оқытқан. «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Балдырған» журналында, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында істеген. Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті жөніндегі әдеби кеңесші болған.
Шығармашылық жолын өлеңмен бастап, 1950 жылы «Бұлақ» атты жыр жинағын шығарған. Кейін балалар мен жасөспірімдерге арналған 20-дан астам әңгіме, повесть, роман кітаптарын ұсынды. «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Бозтөбеде бір қыз бар», «Өлгендер қайтып келмейді» және «Қайдасың, Гауһар» секілді туындылары КСРО халықтарының және шетелдердің көптеген тілдеріне аударылып, сахналық, экрандық нұсқаға айналған. 1967 жылы Балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің Канн қаласында (Франция) өткен халықаралық фестивалінде «Менің атым Қожа» фильмі (Б.Соқпақбаевтың сценарийі) арнаулы жүлдеге ие болды.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.
89 жыл бұрын (1936-2007) жазушы, аудармашы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы әдебиет сыйлығының лауреаты Сайын МҰРАТБЕКОВ дүниеге келді.

Алматы облысының Қапал ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін және Мәскеудегі Жоғары әдеби курсты бітірген.
1977-1984 жылдары «Жұлдыз» журналының, «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, редакторы, 1984-1991 жылдары «Қазақфильм» киностудиясының аға редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі, көркем әдебиетті насихаттау бөлімінің директоры, мәдениет бөлімінің меңгерушісі, басқарма хатшысы, «Жазушы» баспасының директоры, 1992-1996 жылдары «Халық конгресі» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарған. «Невада — Семей» қозғалысы басшыларының бірі болды. Жазушының алғашқы әңгімесі 1954 жылы жарық көрді. Оның халықтың соғыстан кейінгі тұрмысы мен қазақ ауылының, замандастарының тыныс-тіршілігін шынайы сомдаған «Ауыл оты», «Көкорай», «Дос іздеп жүрмін», «Өліара» «Басында Үшқараның», т. б. шығармалары ұлттық бояуының қанықтығымен танылды. Әсіресе «Жусан иісі», «Жабайы алма» сынды әңгіме-повестері — қазақ әдебиетінің көркемдік көкжиегін кеңейткен шығармалар. Мұратбековтің туындылары бойынша «Тел өскен ұл», «Ұлтуған» кинофильмдері мен 9 қысқа метражды фильм түсірілген. Ол Ә.Әлімжанов, О.Сүлейменов шығармаларын, тәжік классигі С. Айнидің «Вобкенттік Шүкірбек», орыс жазушысы Ю.Казаковтың «Қыру — шыру», украин жазушысы О.Гончардың «Қас-қаққандай бақыт үшін», Африка жазушысы Алекс Ла Гуманың «Тас ғалам» атты туындыларын, сондай-ақ жүзден астам көркемсуретті фильмді қазақ тіліне тәржімаласа, өзінің де шығармалары 30-дан астам шет ел тілдеріне аударылған. Құрмет белгісі орденімен, медальдармен марапатталған. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.