15 наурыз. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 15 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

67 жыл бұрын (1958) скрипкашы Қазақстанның халық әртісі, Өзбекстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, ЮНЕСКО шешімімен «Әлем әртісі» құрметті атағына ие болған, Қазақстан және Бүкілодақтық Жастар одағы сыйлығының, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Чайковский атындағы халықаралық байқау лауреаттары қауымдастығының мүшесі, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Қожабекқызы МҰСАҚОЖАЕВА дүниеге келді.

Айман Қожабекқызы МҰСАҚОЖАЕВА
Фото: egemen.kz

Алматы қаласында туған. Алматы мемлекеттік консерваториясын, Мәскеу мемлекеттік консерваториясын бітірген.

1983 жылы Қазақ мемлекеттік филармониясының жеке дауыстағы орындаушысы болған. 1984-1997 жылдары Алматы мемлекеттік консерваториясында педагогикалық қызметпен шұғылданды. 1998 жылдан Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры. Ол «Солистер академиясы» мемлекеттік камералық оркестрін ұйымдастырып, көркемдік жетекшісі болған. Мұсақожаевның репертуарында жеке скрипкаға арналған И.Бах пен Э.Изаидың сонаталары, В.Моцарт, И.Брамс, Г.Венявский, П.Чайковский, т. б. композиторлардың концерттік шығармалары, сондай-ақ Қазақстан композиторлары Е.Брусиловский, Ғ.Жұбанова, С. Мұхамеджанов, Е.Рахмадиев, М.Төлебаев, т. б. туындылары бар. Оның өнері үздік орындаушылық шеберлігімен әрі жоғары музыкалық талғамымен ерекшеленеді. 1976 жылдан концерттер берумен белсене айналысып, бірқатар шет елдерде өнер көрсеткен. Венгрияда, Югославияда, Болгарияда, Германияда және Норвегияда өткен Қазақстан мәдениеті күндеріне қатысқан. Ол скрипкашылардың халықаралық жастар байқауының, П.Паганини атындағы халықаралық байқауының дипломанты және скрипкашылардың халықаралық байқауының лауреаты, Жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестивальдарының дипломанты болған.

63 жыл бұрын (1962) белгілі қазақстандық скрипкашы және дирижер Марат Сәметұлы БИСЕНҒАЛИЕВ дүниеге келді.

Марат Сәметұлы БИСЕНҒАЛИЕВ
Фото: odb-abai.kz

Күләш Байсейітова атындағы музыкалық училищенің скрипка класын бітірген, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры. 1988 жылы «Алтын алма» атты камералық концерт құрды. 1990 жылдан Англияда тұрады. Осы уақыттан бастап, концерт берумен белсенді айналысады. 1990 жылы Англия корольдігінің оркестрімен үлкен концерт өтікізіп, оның скрипкашылық өнері таныла түсті. Сол жылы «Наксос» фирмасының менеджері бірге жұмыс істеуді ұсынып, шартқа отырды. Осыдан кейін батыстың көптеген концерттік залдарының есігі айқара ашылып, әлемдік жетекші оркестрлерде өнер көрсетуге мүмкіндік туды. Ол белгілі «Карнеги Холл» және «Барбикен Холл», «Альберт Холл», «Гивен Хауз» залдарында өнерімен тамсандырды. Көптеген дискілері ағылшын журналы «Граммофонның» үздігі атанды. 1989 жылы Мәскеудегі «Мелодия» фирмасы да оның орындауындағы шығармаларды үнтаспаға жазды. Репертуарына 80 скрипкалық концерті мен 1,5 сағаттық камералық музыкаға арналған бағдарламалары енді. 1996 жылы Нью-Йорктің Барбикан Холында Англияның камералық оркестрімен бірге концерт берді.

53 жыл бұрын (1972) «Қазақстанның коммуналдық жүйелері» ЖШС бас директоры Сабырғали Мұхаметқалиұлы ИДРИСОВ дүниеге келді.

Сабырғали Мұхаметқалиұлы ИДРИСОВ
Фото: kus.kz

Қарағанды ​​облысында туған. 1995 жылы Обнинск атом энергетикасы институтын (Ресей Федерациясы) инженер-физик-жылу энергетикасы мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1995 жылы Қарағанды ​​облысы, «Қазақмыс» корпорациясы» АҚ Жезқазған ЖЭО операторы, турбомашинист, 1996-2003 жылдары «Қазақмыс» корпорациясы» АҚ Жезқазған ЖЭО станциясының ауысым бастығы, Қарағанды ​​ЖЭО техникалық директорының орынбасары, кейін бас инженердің орынбасары, өндірістік директоры, «Қарағанды ​​жылу» ЖШС коммерциялық директоры, 2003-2007 жылдары «Қарағанды ​​Жылу» ЖШС бас директоры, 2009-2010 жылдары ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау комитеті төрағасының орынбасары, «Қарағанды ​​энергия орталығы» ЖШС бас директоры, 2012-2014 жылдары Қарағанды ​​облысы әкімінің орынбасары, 2015-2017 жылдары квазимемлекеттік секторда басшы лауазымдарда жұмыс істеді. 2017-2023 жылдары «Өскемен жылу электр орталығы» ЖШС бас директоры, «Қарағанды ​​энергия орталығы» ЖШС бас директоры қызметтерін атқарды.

2023 жылдың маусым айынан бастап қазіргі қызметінде.

46 жыл бұрын (1979) Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданының әкімі Қайрат Қайруллинұлы ОМАРОВ дүниеге келді.

Қайрат Қайруллинұлы ОМАРОВ
Фото: Gov.kz

Көкшетау облысы Володар ауданы Красное ауылында туған. Қарағанды ​​«Фемида» Заң академиясының Көкшетау филиалын, Көкшетау экономика және менеджмент институтын экономика бакалавры, заңгер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1996-2004 жылдары Айыртау ауданындағы Прекрасненская орта мектебінің мұғалімі, 2004-2007 жылдары Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық әділет басқармасының баяндамашысы, бас маманы, 2007-2008 жылдары Айыртау аудандық Әділет департаментінің бас маманы, 2008-2012 жылдары «ХҚКО» РМК филиалының Ғ.Мүсірепов атындағы аудан бойынша бөлім басшысы, 2012-2015 жылдары Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімінің экономика және ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары, 2015-2018 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, 2018-2024 жылдары Солтүстік Қаақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі қызметінде болды.

Қазіргі лауазымын 2024 жылдың тамыз айынан бері атқарып келеді.

41 жыл бұрын (1984) Жамбыл облысы әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Таласбекұлы ИБРАИМОВ дүниеге келді.

Ернар Таласбекұлы ИБРАИМОВ
Фото: turaninfo.kz

Жамбыл облысының Меркі ауданында туған. М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «дене шынықтыру және спорт», «Қаржы және қаржы құқығы» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2004 жылы «КазХолодМаш» ЖШС-нің қаржы директоры болып бастаған.

Алматы қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыру, кадр және бақылау инспекторлық жұмысы бөлімінің бас маманы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру, кадр және бақылау инспекторлық жұмысы бөлімінің бас маманы, Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының «Олимпиадалық резервті даярлау орталығы» КММ-нің директоры, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Алматы қаласының «Шаңырақ» шағын ауданындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» РММ-нің директоры, «Республикалық спорт колледжі» РМҚК-ның директоры қызметтерін атқарған.

2022-2024 жылдары «К.Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» РММ-нің директоры лауазымында қызмет атқарды.

Қазіргі қызметін 2024 жылдың сәуірінен бастап атқарып жатыр.

38 жыл бұрын (1987) Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әлиұлы ӘБДІКӘРІМОВ дүниеге келді.

Абзал Әлиұлы ӘБДІКӘРІМОВ
Фото: Gov.kz

Түркістан облысында туған. 2007 жылы Лондон King’s колледжін (Ұлыбритания), 2009 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін, 2010 жылы IE Business School (Мадрид, Испания) бітірген.

Еңбек жолы: 2010-2012 жылдары «КААД и К» ЖШС менеджмент және маркетинг бөлімінің бастығы, 2012-2013 жылдары «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС инвестициялық жобалар департаментінің менеджері, 2013-2014 жылдары «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ инвестициялық жобалар басқармасының бас маманы, 2014-2015 жылдары «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ инвестициялық жобалар департаментінің директоры, 2015-2016 жылдары «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ кәсіпкерлік және инновациялар департаментінің жоба жетекшісі, 2016-2017 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрінің кеңесшісі, 2017-2018 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігі Өңірлерді талдау және бағалау департаменті директорының орынбасары, 2018-2019 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау департаментінің директоры, 2019-2020 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы, 2020-2022 жылдары ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы қызметін атқарды. 2022-2024 жылдары ҚР Ұлттық экономика вице-министрі лауазымын атқарды.

2024 жылдың мамыр айынан бастап қазіргі қызметінде.

120 жыл бұрын (1905-1979) әнші-актер, режиссер, драматург, Қазақстанның халық әртісі Қанабек БӘЙСЕЙІТОВ дүниеге келді.

Қанабек БӘЙСЕЙІТОВ
Фото: Wikipedia

Алматы облысында туған. Жастайынан ән салып, «әнші бала» атанған.

1920 жылдан қызметке араласа бастайды. Ауылдағы сауат ашу мектебінде оқытушы болған. Қазақ педагогикалық техникумын бітірген.

Осы техникумда оқып жүргенде, 1926 жылы техникум өнерпаздары қойған Ж.Шаниннің «Арқалық батыр» спектакліндегі Арқалық рөлін ойнап, актерлік талантын байқатады. 1927 жылы ұйымдастырылған жастар театрының режиссері болды. 1929 жылы Қазақ драма театрына қабылданды. Актерлік қызметімен қатар, пьесалар («Озбыр болыс», «Зәуре», «Тартыс», «Келіншек», т. б.) жазып, орыс жазушыларының бірнеше пьесасын қазақшаға аударды. Қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында М.Әуезов пен И.Коцыктың «Айман — Шолпанында» Арыстанның тұлғасын сахналады. Төлеген, Тарғын, Абай, Арыстан хан сияқты түрлі сипаттағы опералық образдарды сомдады. Ол Қазақ опера және балет театрының (Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры) алғашқы режисерлерінің бірі ретінде «Абай», «Қамар сұлу», «Қыз Жібек», «Дударай», «Даиси», «Евгений Онегин», «Князь Игорь» операларын сахнаға шығарды. Көптеген кинофильмдерде ойнап, драматургия саласында да жемісті еңбек етті. «Беу, қыздар-ай», «Ой, жігіттер-ай» комедияларының, «Достық жолымен» балетінің және «Айсұлу», «Алтын таулар» атты опералардың либреттоларын (Қ.Шаңғытбаевпен бірге) жазды. Оның «Құштар көңіл» кітабы қазақ, орыс тілдерінде жарық көрді.

Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар