14:41, 12 Тамыз 2015 | GMT +5
17 жастағы павлодарлық 30-дан астам көлікті айдап әкетті деген күдікке ілінді
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар қаласының кәмелеттік жасқа жетпеген В. есімді азаматы түнгі сағат 3-те өз үйінің ауласынан облыс орталығы тұрғынының иелігіндегі «Mitsubishi Galant» маркалы көлігін айдап әкетті, деп хабарлады ІІД-нің баспасөз қызметінен.
Полиция бұл бозбаланы тағы 32 осыған ұқсас қылмысқа күдікті санап отыр. Қолда бар фактілер бойынша, ҚР ҚК-нің 200-бабының 1-бөлімімен (Автомобильді немесе басқа көлік құралын заңсыз иелену) қылмыстық істер қозғалды. Бұлтартпау шарасын тағайындау кезінде ұрының жасы ескеріліп, ол ата-анасының жауапкершілігіне тапсырылды.
Алайда, баспасөз қызметкерлерінің айтуынша, бозбаланың анасы ата-аналық міндетін дұрыс атқармай отыр - бала түнгі уақытта көшеде жүреді. Осы фактілерге байланысты ол ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 127-бабымен (ата-аналардың балаларын тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамау) әкімшілік жауапкершілікке тартылды.