188 млн гектар жайылымы бар Қазақстанда мал өрісі тарылып барады - Ж. Дүйсебаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - 188 млн гектар жайылымы бар Қазақстанда мал өрісі таршылыққа ұрынып отыр. Бүгін Астанадағы Ұлттық музейде Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссияның үшінші отырысында Мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаев осылай мәлім етті.
None
None

«Қазір ауылды елді мекендерде мал бағатын жер қалмады деген сөз жиі естіледі. Бұндай мәселенің орын алуы да заңдылық, өйткені, елімізде «Жайылымдар туралы» заң жоқ. Егер ондай заң болса қазір көтеріліп жатқан мәселелер азаяр еді», - деді Ж. Дүйсебаев. Оның айтуынша, осы олқылықтың орнын толтыру үшін бір топ депутат заң жобасына бастамашылық жасаған. Соған байланысты комиссия мүшелерінен ұсыныстар күтетінін жеткізді.

«Заң жобасы ауылдың төңірегіндегі, шалғайдағы жайылымдарды реттеуге күш салады. Сосын жоспарлау жүйесін де жолға қою керектігі қамтылмақ. Мәселен, ауылдың іргесіне қанша мал бағылуы керек? Елді мекендерде қанша мал ұсталып, қаншасы жайлауға шығарылуы керек? Міне, осының бәрін заңда қамтығымыз келеді. Ол оңай шаруа емес. Дегенмен, осы заңды қабылдасақ, біз көптеген түйткілді мәселені шешетін едік», - деді Ж. Дүйсебаев.

Бұдан бөлек, депутат жерді тиімді пайдаланудың тетігі ретінде оған меншіктің енгізілуі керектігіне де назар аудартты. «Өкінішке қарай, Қазақстанда 100 миллионнан астам гектар жер қолданыссыз қалып, айналымға енбей отыр. Неге? Өйткені, қаражат жоқ. Қаражат болмаған соң жаңа технология да келмейді, еңбек өнімділігі де артпайды, өнім де шықпайды. Сондықтан да, ондай технологияны сырттан алмасақ, қайдан аламыз? Осыны ойланайық», деді ол.

Соңғы жаңалықтар